Павлодарлық подполковник сотталушыны ұзақ уақыт бопсалап, пара алып келген

Фото: Ирина Адылканова

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда қылмыстық-атқару жүйесінің лауазымды тұлғасы сотталушыны бопсалап, ұзақ уақыт ақша алып келгені әшкере болды. Ал жазасын өтеуші азамат түрме бастығымен көршілес кабинетте қалағанынша тұрып, тіпті қонақ шақырған.

Подполковник құрған тұзақ

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел топтың аға жедел уәкілі А.Адришев 2023-2025 жылдары өз қызмет бабын пайдаланып, «№45 мекеме» РММ-де жазасын өтеп жатқан Р.Бексұлтановты бопсалау арқылы қомақты көлемде пара алып отырған.

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 қыркүйектегі шешімінде айтылғандай, сотталушы Р.Бексұлтанов 45 түзеу мекемесінде жазасын өтеу уақытында подполковник А.Адришевтің қырына іліккен. 2023 жылдың басында аға жедел уәкіл түрмеге келіп тексеріс жүргізгенде аталған сотталушының жазаны өтеу режімін бұзғанын анықтайды. Одан соң Р.Бексұлтановты шақырып алып, оны қатаңдатылған режімдегі мекемеге ауыстырамын деп қорқытады. Сөзін «дәлелді етіп» көрсету үшін подполковник тіпті құжат жобасын қолдан жасаған.

«Қысқасы басқа мекемеге ауыспаймын десең, төлейсің» деген талап қояды.

«Бастығымның туған күніне - 500 мың теңге»

«Сот кабинетіндегі» мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың шілде айында А.Адришев облыс орталығындағы сауда үйлерінің бірінен өзіне және зайыбына жалпы сомасы 165 мың теңге тұратын киім пен парфюм («Creed Absolu Aventus» парфюмі – 40 мың теңге, «Bulgari» парфюмі – 40 мың теңге, «Dolce&Gabanna» брендінің шалбары – 50 мың теңге, «Armani Exchange» жеңсіз жейдесі - 40 мың теңге) сатып алып, оның ақшасын тап сол сәтте телефонмен видеоқоңырау шалып тұрып сотталушыға (аударымды Р.Бексұлтановтың әйелі жасаған) төлеткен.

Фото: Ирина Адылканова

- А. Адришев жазасын өтеушіге моралдық-психологиялық қысым жасауын одан әрі үдете түсіп, 2024 жылдың қыркүйек айында оған тағы келеді. Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сол кездегі бастығы М.Әшімовтің туған күні екенін айтып, соған жиналу үшін 500 мың теңге керек деп талап етеді. Әрі оны мобильді аударым арқылы туысының есеп-шотына жіберуді ұсынған, - деп баяндалады сот шешімінде.

Өзінің подполковникке кіріптар болып қалғанын, басқа амалының жоқтығын түсінген Р. Бексұлтанов келесі күні өз әйеліне хабарласу арқылы көрсетілген нөмірге 400 мың теңге, ал тағы бір сотталушының әйелі арқылы 100 мың теңге жіберген. Сотта А.Адришев бұл ақшаны кейін М.Әшімовке сыйлық ретінде жібергенін, оны сотталушы өз еркімен берді деп айтып ақталған.

Ол ол ма, 2024 жылдың ақпан-шілде аралығында аталған сотталушы А. Адришевке 200 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейінгі сомада ақша беріп отырған. Бұл қаражаттарды подполковник келген комиссияға дастархан жаюға және М.Әшімовтің қажеттілігі үшін жұмсадым деп жауап берген. Алайда ол ақшаның қай кезеңдерде алынғанын және сомаларын білмейтінін айтқан.

Түрменің еркесіне айналған сотталушы

Сотталушы Р. Бексұлтанов тұрақты пара беріп тұрудың арқасында мекемеде жаман күнелтпеген. Ол тіпті біраз уақыт мекеме бастығы отыратын бөлменің дәл жанында орналасқан жеке бөлмеде тұрып, өзге сотталушыларды емін-еркін қонаққа шақырып отырған.

Фото: Ирина Адылканова

- Р. Бексұлтановтың 2025 жылғы 9 қаңтардағы сотқа дейінгі тергеу барысында көрсеткен мәліметтері бойынша, сотталушы 2022 жылдан бастап 2024 жылды қоса алғандағы кезеңде мекеме бастығы К. Койчубаевтың рұқсатымен жедел бөлім бастығының бөлмесінде тұрған. Сонымен қатар, Койчубаевтың рұқсаты бойынша кір жуатын бөлмені мекен етіп, бос уақытында мекеменің спорт залында жаттығып, моншаға барып, әкімшілік корпусының асханасында дастархан жайып кез келген сотталушыны өзіне қонаққа шақыра алған, - деп жазылған сот кабинетінде.

Сот қандай шешім шығарды?

Сот өңірлік қылмыстық-атқару жүйесінің бұрынғы қызметкері А.Адришевті бопсалау жолымен сотталушыдан пара алып тұрғаны үшін кінәлі деп танып, оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сот шешімімен «әділет полковнигі» шенінен айрылып, өмір бойына мемлекекеттік қызметпен айналыса алмайды.

Бұған дейін Павлодарда сотталғандар түрме шатырындағы спутниктік интернетті қолданып келгені туралы жазғанбыз. Ол арқылы № 46 түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырғандар интернетке және күзетшілердің бейнекамерасына қосылған.