Павлодарлық сот орындаушылары тұрғындарға қосарланған айыппұл төлетіп келген

Фото: Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті айыппұлдар үшін қосарланған төлем фактілерінің жолын кесті.

Ертіс-Баян өңіріндегі жеке сот орындаушылары облыс тұрғындарынан қате ұсталған 85 атқарушылық іс жүргізу бойынша 2 млн теңгені қайтарып берді.

— Департамент қадағалау қызметі барысында мәжбүрлеп орындауға жолданған әкімшілік айыппұл бойынша қосарланған төлем фактілеріне жол берілгенін анықтады. Мысалы, банкте қосымша арқылы әкімшілік айыппұлды өз бетінше төлеген Павлодар қаласының тұрғынынан (ЖСО-ға хабарламай) борышкердің банктік шотынан 36 920 теңге қайта ұсталған. Осылайша, бір айыппұл екі рет төленген, — деп хабарлады Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен.

Қадағалау органы аталған мәселені ерекше бақылауға алды, аталған жөнсіз деректерге жол бермеу бойынша барлық қажетті шара қабылданып жатыр.

Еске сала кетейік, Павлодарда 12 әкім өздерінің не үшін жазаланғанын түсіне алмай отыр