Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаментінен хабарлады.
«Облыстық Антикор спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Талдау барысында спорт басқармасы мен оған бағынысты спорт мекемелері тексерілді. Нәтижесінде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Кәсіби клубтарды қаржыландыру кезінде, спорт нысандары мен жабдықтарын жалдауда қаржылық заң бұзушылықтарға жол берілген. Бұған қоса спорт разрядтарын беру, жүлделі орын алғаны үшін төленетін сыйақы бойынша кемшіліктер, ақша жинау, жалған дипломмен жұмысқа тұру сияқты заң бұзушылықтар тіркелді»,-деп хабарлады департаменттен.
Мысал үшін Ақсу қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі «DAAB GROUP» ЖШС-мен 2022 жылдан бері жыл сайын 6 үстел теннисін жалға алу туралы шарт жасасып келген. Ол үшін жыл сайын 18 млн теңге жұмсалған. Алайда талдау көрсеткендей, бір үстел теннисінің жиынтығы – 200-400 мың теңге тұрады. Әлгі қаражатқа спорт мектебі үстел теннисінің кем дегенде 45 жиынтығын сатып алуына болатын еді. Мекеме осылайша қатарынан бірнеше жыл бюджет қаражатын ысырап етіп келген.
Тағы бір мысал, «Бірлік» спорт клубы сегіз спортшының жолсапар шығындарына жарты млн теңгеден астам қаражат бөлген. Бірақ олардың спорттық жиынға қатыспағаны белгілі болды.
Жалпы сыртқы талдау нәтижесі спорт саласынан 15 жемқорлық тәуекелін анықтады.
Еске сала кетейік, Антикор павлодарлық кәсіпкерлердің 160 млн теңгеден астам қаражатқа шығындалуына жол бермеді.