Павлодарлық студенттер KAZ Minerals Тобының грантына ие болды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -  2024 жылы KAZ Minerals Тобы Павлодар өңірінің абитуриенттері үшін 20 грант бөлді.  Тегін орынның  алтауы  химия-механикалық колледж студенттеріне берілсе , қалған 14-і жоғары оқу орындарына арналған болатын. Kazinform тілшісі грант иелерімен әңгімелесіп, тау-кен өндіруші  компанияның  есебінен білім алу талаптарымен танысты.

Фото: Регина Маргарян

Лилия Вещунова – KAZ Minerals бөлген грант иелерінің бірі. Бойжеткен бұрыннан өзінің 9-сыныптан кейін техникалық білім алу үшін колледжге оқуға түсетінін білетін.

«Ата-анамның кеңесінен кейін компанияның грантына құжат тапсыру мен үшін мақсат болды. Біздің отбасы тау-кен ісін жақсы біледі. Өгей әкем Бозшакөл кен орнында жұмыс істеген, ал анам металлургия колледжінде оқыған», - дейді Павлодар химия-механикалық колледжінің бірінші курс студенті Лилия Вещунова.

Лилиядан басқа тағы төрт студент қыз қажетті балл жинап, KAZ Minerals өкілдерімен сұхбаттан сәтті өткеннен кейін павлодарлық колледжде «лаборант» мамандығы бойынша оқуларын бастап кетті. 

Фото: Регина Маргарян

«Конкурс өтініштерді қарастыру және үміткерлермен сұхбаттасу секілді екі кезеңнен тұрды. Бұл жұмыстарды құрылымдық бөлімдердің басшылары мен мамандары, қызметкерлерді оқыту және дамыту бөлімінің басшысынан тұратын комиссия атқарды. Сұхбаттың қорытындысынан кейін грант иелері анықталды», - деп мәлімдеді KAZ Minerals Bozshakol қызметкерлерді оқыту және дамыту бөлімінің басшысы Назым Мұқашева

Студенттер диплом алғаннан кейін қайда барып жұмыс істейтінін біледі. Павлодар облысы Бозшакөл тау-кен байыту кешеніндегі зертханада үш жыл жұмыс істеу – грант бөлу кезіндегі міндетті талаптардың бірі. 

Фото: Регина Маргарян

«KAZ Minerals есебінен тегін білім алу мүмкіндігін алдымен ата-анам білді. Компания оқу аяқталғаннан кейін жақсы жұмыс, ыңғайлы кесте мен жоғары жалақы ұсынады. Қазір математика мен физикадан қиналып жүрмін. Бірақ маған оқу ұнайды», - дейді студент Самал Темірова.

Компания студенттердің стипендиясын төлейді. Сонымен қатар колледждегі оқу бөлмелері мұғалімдер мақұлдаған жабдықтармен жасақталып жатыр. 

Фото: Регина Маргарян

«Құрал-жабдықтардың қандай техникалық талаптарға сай болуы ескертілген. Барлығын қосқанда колледжге жалпы құны 50 миллион теңге болатын құрылғылар келуге тиіс. Біз нақты KAZ Minerals компаниясына қажет мамандарды дайындап жатырмыз. Абитуриенттер мен олардың ата-аналарына арналған ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз», - дейді Павлодар химия-механикалық колледжінің тәжірибе жетекшісі және арнайы пән оқытушысы Татьяна Гаврилюк.