Павлодарлық волонтерлер су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға көмектесіп жүр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамының жергілікті өкілдері бүгінге дейін ауыл халқына 1 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізген. Волонтерлер қиын жағдайда қалған тұрғындарды жылытқыш құралдармен, жылы киім, етікпен, көрпемен қамтамасыз етіп жатыр.
Қызыл Жарты Ай қоғамының Павлодар өңірлік филиалының директоры Гүлнар Исаканова еріктілер наурыз айының соңынан бері қарғын судан зардап шеккен ауылдарды аралап, көмек көрсетіп жатқанын айтты.
— Бұған дейін біздің волонтерлер Успен, Ақтоғай, Ертіс аудандарындағы су басқан ауылдарға барды. Біз Успен ауылы мен Ақтоғайдың Жалаулы ауылындағы топан су ортасында қалған үйлерді аралап, қарғын судан келген зиянды өз тарапымыздан бағаладық. Адамдарға жылы көрпелер мен жылытқыштар, етіктер, жылы киімдер тараттық. Жалаулы ауылында 14 үйді су басқан екен. Ондағы 3-4 үй бос тұр, отбасы мүшелері өзге жерге орналасқан. Қалғандарына гуманитарлық көмек көрсеттік. Тұрғындарға жылы күртешелер, етіктер, жылытқыштар бердік. Жалпы салмағы 200 кг болатын гуманитарлық көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, кеше Ертіс пен Аққулы аудандарының әрқайсысына 300-400 кг гуманитарлық көмек жөнелтілді, -деп хабарлады филиал жетекшісі.
Қоғам өкілдері жақын күндері өз серіктестерінен тағы 5 тоннадай көмек келетінін, оның дені киім-кешек екенін айтады.
Бұл көмекті Тереңкөл, Успен, Железин, Май аудандарына жіберу жоспарда тұр.
Г.Исаканованың сөзінше, су басқан ауылдарға волонтерлердің тұрақты көмегінің қажет жоқ.
Сондықтан олар тұрғындардың күнделікті өміріне қажет заттар мен бұйымдарды жеткізіп жатыр.
Бүгінде Павлодар облысы бойынша Қызыл Жарты Ай қоғамының 10 өкілі жұмыс істеп жатыр.