Павлодарлық жасөспірім ешкі өсіріп, сүтінен табыс тауып отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Тимур Рүстемов өз бетімен ешкі шаруашылығын құрып, сауылған сүтті өңдеумен айналысады. Күніне 20-30 литр ешкі сүтін сауып, одан ірімшік пен йогурт, сүзбе әзірлеп сатады.

Фото: Жасұлан Рүстемов

Тимур Павлодар қаласының іргесіндегі Мичурин ауылында тұрады. Бала шақтан малсақ болып өскен жасөспірімнің өзі үшін таңсық — ешкі өсіру ісін қолға алғанына 3-4 жылдай уақыт болған.

Бүгінде жас фермердің өнімін сатып алушылардың алды кәдімгідей қалыптасып қалған көрінеді.

Кішкене кезінен үй жануарларына үйірсек екенін байқаған әкесі Жасұлан баласын мал шаруашылығына баулу керек екенін ерте түсіндім дейді.

Фото: Жасұлан Рүстемов

— Осыдан төрт жыл бұрын болуы керек, әкем Тимурға құлын сыйлады. Балам оның айналасынан шықпай қойды. Кейін Мичуринде «Жас тұлпар» атты кемпинг құрып, келушілерге жылқыға мініп серуендеп қызметін ұсына бастадым. Байқаймын, бұл кәсіпті көрген Тимур де ізденіп, өз алдына бір іс бастамаққа әрекеттеніп жүр. Бір күні сиыр өсірудің шығынын, оның сүтінен түсетін табысты есептеп отыр. Зеңгі баба тұқымын ұстау, оны жем-шөппен қамтамасыз ету аса қымбатқа түсетінін түсіндірдім. Әрі малдың да малы болады. Оны жайлаймын деп жүріп оқыстан жас балаға тұяғы тиіп кете ме деп жүрексіндім. Сондықтан ешкіден баста деген ұсыныс айтты, — дейді Жасұлан Рүстемов.

Ешкі жарықтық өсімтал жануар. Өзге түлікке қарағанда тез көбейіп, кез келген жағдайға бейімделіп кетеді. Азықты да көп талғай бермейді.

Жоңышқа, сұлы, арпа, түрлі шөп қоспасын және сәбіз бен қызылша берсең жеткілікті. Оның үстіне ешкі сүтінің майлылығы 4,6 — 9 пайыз. Құрамы жағынан ана сүтіне жақын, асқазан ауруларына, аллергияға қарсы таптырмас ем.

Фото: Жасұлан Рүстемов

Тимур ғаламтордан ешкі бағудың қыр-сырын, одан сүт сауып, өңдеу жолдарын үйреніп алады. Ешкінің «заанен» тұқымы сүтті әрі тез көбейгіш келеді екен. Таңдау соған түсіпті. Сөйтіп әкесі мен ұлы алғашында төрт бас ұрғашы ешкі мен бір текені Петропавл қаласынан сатып әкеледі.

2022 жылы көктемде оған қора-жай тұрғызып, ешкі сауатын орын әзірлейді. Заанен ешкілерінің бағасы қымбаттау болады екен. Оның ерекшелігі сүтінде. Бір ешкі үш-төрт литр сүт береді. Сонымен қатар, егіздеп төлдейді. Жалпы ешкі сүті жүректің жұмысына жақсы әсер етеді дейді мамандар.