Отбасы танысына сеніп, үйге жылу тарту құжаттарын рәсімдеуді және құбыр жүргізу жұмыстарын соған тапсырған.
Іс Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды.
Сот үкімінде Ақсу тұрғыны өзін «Теплосервис Ақсу» мекемесінің қызметкері ретінде таныстырғаны көрсетілген.
Ол павлодарлық әйелге жер үйді орталық жылу жүйесіне қосып беремін деп уәде еткен.
Жәбірленуші кейін күйеуімен бірге оған барлық қажетті құжаттарды тапсырған.
Олардың арасында жылуға қосылу туралы өтініш те болған.
Күдікті құжаттарды өткізіп, арнайы талон әперуге міндеттенген.
Алайда сот материалдарына сәйкес, ол басынан бастап адамдарды алдап келген.
Жәбірленушілер онымен бірнеше рет Павлодардағы «Жылу желілері» мекемесінің жанында кездескен.
Айыпталушы ол жерге жылу жүйесі қызметкерінің формасымен және қызметтік көлікпен келген.
Өзін мекемедегі сенімді адам ретінде көрсетіп жүрген.
Сотта жәбірленуші оны «құжат жүргізіп беретін адам» ретінде қабылдағандарын айтқан.
Бір айға жуық уақыт ішінде павлодарлық отбасы танысына 3,8 миллион теңге аударған.
Алайда біраз уақыттан кейін оның уәдесін орындамайтынын түсінген.
Ақшаны қайтаруды талап еткен кезде күдікті барлық қаржыны жұмсап қойғанын айтқан.
Осыдан кейін полицияға арыз берілген.
Қылмыстық іс алаяқтық фактісі бойынша қозғалған.
Сотта ер адам кінәсін толық мойындады.
Тергеу барысында оның бұған дейін де алаяқтық үшін сотталғаны анықталған.
Нәтижесінде сот оған бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Айта кетейік, Павлодар бірнеше жылдан бері орталық жылу жүйесіне қосылу бойынша «қызыл аймақта» тұр.
Сол себепті жеке сектор тұрғындарына мұндай рұқсат берілмейді.
Осыған дейін Павлодарда алаяқтарға «көмектескен» алты адам ұсталғаны туралы жаздық.