Бұл турдағы алғашқы ойын Павлодар облысының «Ақсу» және Талдықорғанның «Жетісу» командалары арасында өтті.
Павлодарлық клуб биылғы біріншілікті сәтсіз ойнап келеді. Салдарынан небәрі төрт ұпаймен 13-орында тұр.
Талдықорғандық команда да біріншілікте ала-құла ойынымен көзге түсіп отыр. Қазір он ұпаймен 11-орынға жайғасқан.
Кездесу барысында павлодарлық клуб жеңіске жету жолын іздеді.
Нәтижесінде олардың қатарынан 38-минутта Чиди Осучукву есеп ашса, талдықорғандық клубтан Аслан Әділ 64-минутта таразы басын теңестірді.
Ал 67-минутта Чиди Осучукву қайтадан «Ақсуды» алға шығарды.
Осылайша павлодарлық клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Олар бұған дейін қатарынан жеті тур бойы жеңілістің ащы дәмін татып келген еді.
Енді 17.00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Шахтер» (Қарағанды), 18:00-де «Мақтарал» (Түркістан облысы) мен «Қайрат» (Алматы) шеберлік байқасады.
Ал 28 мамырда «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Тобыл» (Қостанай), «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Атырау» мен «Астана», «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады.