Павлодарлық аруларды 8 наурызда Қайрат Нұртас құттықтайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарлық аруларды 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен белгілі әнші Қайрат Нұртас құттықтайды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова мәлім етті. 

« 2 наурыздан бастап  дөңгелек үстелдер мен түрлі музыкалық, танымдық кештер ұйымдастырылады. Оның ішінде негізгі шаралар 7-8 наурызға жоспарланған. 7 наурыз күні сағат 15.00-де тұрғындар назарына Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында "Весна на заречной улице" фильмі көрсетілсе, 8 наурыз күні сағат 12.00-де Естай атындағы мәдениет сарайында мерекелік концерт ұсынылады. Сонымен қатар, сағат 19.00-де Естай атындағы мәдениет сарайында Қазақстанның эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың концерті өтеді, - дейді Самал Бегалинова. Айта кетейік, көпшілікке кең танылған Қайрат Нұртас ең алғаш Байқоңыр сахнасында он жасында өнер көрсеткен. Әншінің репертуарынан Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ержан Серікбаев сияқты композиторлардың әндерін көруге болады.

Ол 2014 жылы IIІ Еуразиялық музыка жүлдесінің «Үздік орындаушы» аталымын қанжығасына байлаған.