Павлодарлық автошабандоздар мұз үстінде жарысқа түсті

None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласындағы Усолка өзенінің алқабында «Вьюга-2017» аймақаралық автожарысы өтті.

 Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бәсеке аясында 30-дан астам қатысушы бақ сынап, үздік автошабандоз атағын сарапқа салды деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 Биыл дәстүрлі жарыс Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларынан бөлек Астана, Қарағанды қалаларынан келген автошабандоздардың басын қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша,  қатысушылар саны жыл санап артып келеді.

 «Бұл шара Алматы қаласында жалауын желбіреткен қысқы Универсиада ойындарында облысымыздың намысын қорғап жатқан спортшыларымызды қолдауға арналып отыр. Олардың жетістіктері біздің қатысушыларымызды қанаттандыра түседі деп есептеймін. Қуантарлығы, жыл сайын жарыста бақ сынауға ниет білдірген автошабандоздардың қатары артып келеді», - дейді «RedZone» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Константин Музалевский.

 Атап өтерлігі, биыл мұз үстіндегі жарыс жолы сәл ықшамдалған. Бірақ одан спорттық шараның әсерлілігі азайған жоқ. Керісінше, ерекше, әрі қауіпті автобәсекені тамашалауға келген тұрғындардың қарасы көп болды. Олардың қатарында Павлодар облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бар. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар Кенжекөл ауылындағы отбасылық типтегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін жарысты тамашалауға арнайы алдыртқан. Автошабандоздар темір тұлпарларының ерекшеліктеріне қарай төрт топқа бөлініп, жарыс жолына шықты. Мұз үстіндегі бұралаңқы жолдармен жүйткіген көліктер шараны тамашалауға келген павлодарлықтарға ерекше әсер сыйлады. Жарыс жеңімпаздары алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтарға ие болды.

 Айта кетерлігі, «Вьюга-2017» автожарысы Павлодар қалалық әкімдігінің, қалалық спорт және дене тәрбиесі бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды.