Павлодарлық аяқдопшылар ғұзорлық құрдастарымен жолдастық кездесу өткізді

АЛМАТЫ. 11 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ертіс» пен Өзбекстанның «Шуртан» арасында жолдастық кездесу өтті.

Талғат Басуфинов жаттықтыратын павлодарлықтар өткен маусымда Қазақстан чемпионатында қола жүлдегер атанса, Эдгар Гесс тізгінін ұстаған ғұзорлықтар Өзбекстан чемпионатында 4-орын алған болатын. Милан Николич төрелік еткен бұл кездесу 2:0 есебімен ала тақиялы көршілеріміздің пайдасына шешілді. Онда «Шуртан» сапынан Жафар Ирисметов пен Игорь Таран «Ертіс» қақпасына жауапсыз 2 доп соқты. Бұған дейін олар Оңтүстік Кореяның "Гонквон" командасын 2:1, Ресейдің "Локомотив" (Москва) клубын 3:0 есебімен ұтқан болатын.