Павлодарлық футболшылар Еуропа лигасының екінші іріктеу раундындағы сырт алаңдағы екінші матчын өткізеді

АЛМАТЫ. 25 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Талғат Басуфинов жаттықтыратын павлодардың «Ертіс» футбол командасы Босния және Герцеговинаның Широки Бриег қаласының аяқдопшыларымен Еуропа лигасының екінші іріктеу раундындағы екінші матчын өткізеді.

Бұған дейін олар Павлодарда бұл құраманы 3:2 есебімен ұтқан болатын.

1948 жылы құрылған аталмыш команда Босния және Герцеговина чемпионатында 2 дүркін (2004, 2006) топ жарып, 4 рет күміс (2005, 2008, 2010, 2012) , 1 рет қола (2005) жүлдегер атанған. Сондай-ақ ел кубогын 2 дүркін (2007, 2013) иеленді. Бұған дейін Еуропа лигасында 4 рет өнер көрсеткен олар 3 рет екінші іріктеу раундында, 1 рет бірінші іріктеу раундында сүрінген болатын. Ал «Ертіс» Қазақстан чемпионатының 5 дүркін (1993, 1997, 1999, 2002, 2003) чемпионы және 4 дүркін (1994, 1996, 2004, 2012) күміс, 5 дүркін қола (1992, 1998, 2000, 2008, 2010) жүлдегері. 1997/98 жылғы маусымда ел кубогын иеленген бұл команда Еуропа лигасында 2009/2010 жылғы маусымда іріктеу раундында бірінші, 2011/2012 жылғы маусымда екінші раундта жарыс жолынан шығып қалған еді. 2012/2013 жылғы маусымда бірінші іріктеу раундында Болгарияның София қаласының «Левски» командасымен бірінші матчта 0:0 есебімен тең түсіп, екінші матчта 2:0 есебімен басым түскен болатын. Егер екінші раундтан сәтті өтетін болса өз тарихында Еуропа лигасындағы жаңа рекордқа қол жеткізеді.