Павлодарлық кәсіпкерлер Жаңа жылға дейін азық-түлік бағасы көтерілмейтіндігін айтты
«Мереке қарсаңында бағалар тексіріліп шықты. Күн сайын мониторинг жүргізіп отырамыз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өңірдегі шаруа қожалықтарымен картоп, қырыққабат, сәбіз және қызылшаны тасымалдау туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы құжатқа сәйкес, бүгіннен бастап әлеуметтік дүкендерге Павлодар қаласының операторы көкөніс жеткізе бастады. Бірінші кезекте әлеуметтік дүкендер мен үлкен базарлар қамтамасыз етіледі. Тауар өндірушілерден сатып алынатын картоптың келісі 50 теңгеден берілсе, 10 пайызды қосқанда дүкендерде 66 теңдеген сатылады. Қазіргі таңда жылыжайларда қияр мен қызанақ қалған жоқ. Ал, сырттан әкелінетін қиярдың келісі - 850-900 теңге», - дейді Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Арман Асипов.
Мамандардың айтуынша, сауда орындарының иелері бағаны негізсіз көтерген жағдайда 652448 телефоны арқылы ауыл шаруашылы басқармасына хабарласуға болады. 29-желтоқсаннан бастап Жаңа жылға дейін жұмыс тобы күшейтілген түрде рейд ұйымдастырмақ. Қала бойынша барлығы 39 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Дегенмен әлеуметтік дүкенде сауда жасап жүрген зейнеткерлер картоптың бағасымен келіспеуде.
«Қала бойынша картоп бағасы 85-90 теңгеден. Өңірде картоп жетерлік деген емес пе? Қаңтар айында 120-130 теңге болмасына кім кепілдік береді?» - дейді тұрғындардың бірі Нағима Сағиева.