«Формада пісірілген нан бағасының төмендегені туралы Павлодар әкімдігіне жолданған комбинат директоры Виталий Сартаковтың қолы қойылған ресми хатта айтылды. Хатта жазылғандай, 22 қазаннан бастап кәсіпорынның бірінші сұрыпты ұнға деген күнделікті қажеттілігі – 10 тонна толығымен өзін-өзі жауып отыр», - деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі журналистерге.
Бұл ретте, әкімдіктен атап өткендей, аталмыш комбинат «Агро-Даму» ЖШС-дан сатып алатын ұнның құны қымбаттамаған және бір келісі үшін 95 теңгені құрайды.
«Осыған байланысты, сондай-ақ «Агро-Даму» ЖШС-ның ағымдағы сату бағасын өзгеріссіз қалдыруын және біздің кәсіпорын үшін тәуліктік ұн сату көлемін есепке ала отырып, «Павлодар нан-тоқаш комбинаты» фирмасы» ЖШС 26 қазаннан бастап формада пісірілген «Тау-нан» нанына бағаны 95 теңгеге дейін төмендетеді», - делінген комбинат басшысының хатында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Павлодарда нан бағасы 85-тен 105 теңгеге дейін қымбаттады. Ас атасының бағасын бірінші болып Павлодар нан-тоқаш комбинаты көтерді.
21 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге «әлеуметтік» нан бағасының қымбаттауына байланысты шұғыл түрде шаралар қолдануды тапсырды.
Авторы Антон Гагарин