Павлодарлық құтқарушылар өңір өзендеріндегі мұзды жарудан бас тартты

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық құтқарушылар облыс өзендеріндегі мұзды жарудың орнына оны кесу жұмыстары жүргізуге ұйғарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kzсайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашев мәлім етті.
- Әзірге барлық су айдындарын мұз басқан, дегенмен «Қазгидромет» биылғы жылы күн райы бір аптаға ертерек жылынатыны туралы болжам жасаған. Өзендер 9-10 сәуірде ашылады деп күтілуде. Су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізу бойынша жедел құтқару жасағы Шолақсор ауылы маңындағы Сілеті өзенінің жағалауындағы мұзды кесіп, бөліп жатыр. Өзендегі мұздың қалыңдығы 65 см-ге жетеді, тереңдігі 1,5-2 метр, жарылыс толқыны ауылдың жартысын қамтуы мүмкін, - деп түсіндірді Жасұлан Жұмашев.

Оның айтуынша, мұзды кесуге арналған орындар жағалаудан көп жылдар бойы еріген судың ағуына байланысты таңдалады. Кесілген бөліктер ұсақталып, мұздың астына төмен қарай жіберіледі.
- Жалпы биылғы жылы қардың күрт еруі күтілуде, бұл ретте облыс бойынша топырақтың қатуы орташа есеппен 137 см, ал бірқатар өңірлерде: Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Шарбақты және Павлодарда 150 см-ден асады. Бұл жағдай су тасқыны қаупін арттыра түсетіні сөзсіз. Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңдерін талдау негізінде 10 089 тұрғыны бар 35 елді мекен бақылауға алынды. Ол жерде 2 766 үй орналасқан, - деді департамент бастығы.

Айта кетейік, еріген қар суынан 35 елді мекеннің 17-сі, өзендерде су деңгейінің көтерілуінен 12, гидротехникалық құрылыстардың зақымдану мүмкін. Соған байланысты 2 елді мекенді су басу қаупі бар.