***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Орал қаласындағы қаңғыбастарға арналған уақытша бейімдеу орталығының тұрғыны Владимир Радкевич 2 миллион рубль ұтып, бір-ақ күнде миллионер болып шыға келді. Әртүрлі басылымға жарияланған сканвордтарды шешуге құмар ол мол байлыққа да осы құпия сөздердің жауабын табу арқылы кенеліп отыр.
Өзінің айтуынша, кезекті рет сканворды бар газет сатып алғанында, басылым бетінен қорғаныш қабатымен жасырынған кодтың барын байқаған. Шарт бойынша ол кодты көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалып, хабарлау керек екен. Бұл жөнінде қомақты ұтыс иесінің өзі былай дейді: «Мен оларға хабарласып, жасырынған кодты айттым. Ал тұрғылықты мекенжайым ретінде бейімдеу орталығын көрсеттім. Кейін орталыққа қағаз келді. Онда компьютердің таңдауы арқылы менің екі миллион рубль ұтқаным жайында айтылған. Сондай-ақ, ұтысты алу үшін қандай құжаттарды рәсімдеу керектігі де түсіндірілген. Мен барлық тиісті құжатты жинап, олар көрсеткен мекенжайға жібердім».
Бұл оқиғаны алаяқтардың кезекті айласы деп болжаған ғаламтор қолданушыларына А.Радкевичтің айтар уәжі бар. Оның сөзіне қарағанда, келген хатта бір жерге ақша жіберу, телефон нөміріне бірлік салу немесе қымбат бағаға тауар сатып алу туралы міндетті талаптар айтылмаған.
«Егер біреулер айтқандай, бұл алаяқтық болса, көңілім баяғыдай. Себебі, шығындалып, еш жерге ақша жібергем жоқ. Ал ұтқаным рас болса, ол ақшаға бірінші кезекте өзіме баспана сатып аламын», - деген В.Радкевич көрсетілген талаптар бойынша ақшаның сәуір айында қолына тиюі тиіс екенін атап өтті. Айта кетейік, қазіргі бағаммен 2 миллион рубль 9 миллионнан астам теңгеге тең. Бұл материал «Қаңғыбас-миллионер» деген тақырыппен жарияланды.
Бас басылымда Нидерланд ұлттық секциясының комиссары Ханс Дриссер мырзамен болған сұхбат берілген. Бүгін Тәуелсіздік сарайында Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатын мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың алқалы жиыны басталады. Оған Халықаралық көрмелер бюросының басшылары, ЭКСПО Комиссары хатшылығының мамандары және әлемнің 100-ге тарта мемлекеттерінің өкілдері қатысуда.
«Біз ЭКСПО-2017 көрмесіне үлкен үмітпен қатысқалы отырмыз. Оның басты себебі - көрменің негізгі тақырыбына байланысты. Қазіргі таңда «Болашақтың энергиясы» тақырыбы нидерландылықтар үшін күн тәртібіндегі аса көкейкесті мәселеге айналып отыр. Өйткені, өңірлік энергетикалық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыбы шеңберінде қаралатын мәселелермен тұтасып жатыр.
Менің ойымша, бұл көрме ірі компаниялар мен ғылым орталықтары үшін ұзақ мерзімге арналған экологиялық проблемаларды шешу жолындағы бизнес шешімдер ұсынатын алаңға айналуға тиіс. Осы уақытқа дейін жасыл экономиканы дамыту жөніндегі бастамалар негізінен тек үкіметтер тарапынан ғана ұсынылып келді. Ендігі жерде ірі компаниялар мен кәсіпорындар осы бір өзекті мәселенің өміршеңдігін дамытуға атсалысуы керек. Міне, нақ осы мақсатта көрмені ұйымдастырушыларға ауқымды да жауапты міндеттер жүктеліп отыр. Көрмеге қатысатын голландиялық компаниялар Қазақстан елімен экономикалық байланысты одан әрі дамытуға үлес қосатыны сөзсіз»,-дейді Ханс Дриссер. Бұл жайында «Төрткіл дүниені тоғыстырған шара» деген сұхбатта толық оқи аласыздар.
***
«Павлодарлық оқушылар төл ойынымыз - асықты жаңа форматта ұсыну арқылы жастардың да, шетелдіктердің де ұлттық құндылыққа деген қызығушылығын арттырмақ»,-деп жазады «Айқын» газеті «Оқушылар ойынды туристер назарына ұсынбақ» атты мақалада.
Осы уақытқа дейін «асықты дәріптеу кенде қалып жатыр» деген пікір жиі айтылып келген-ді. Ұлттық ойынды ұлықтау мақсатында бірқатар сайыс ұйымдастырылып, шаралар да өтті. Өкініштісі, олардың көпшілігі Наурыз мерекесімен ғана шектеліп қалып жатыр. Яғни тек Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында көпшілік, әсіресе, жастар төл ойынымызды еске алады. Мейрам өткен соң қайта ұмыт болады. Ал Павлодар қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері бұл олқылықтың орнын толтыруға ниетті.
Мектептің 7-9-сынып оқушылары - Сәнуар Жакенова, Анель Ысқақова, Айгерім Қаратай, Ақбота Хасенова, Алуа Мұстафина, Диана Смағұлова және Асыл Қобылан «Асық Story» атты ойын ойластырды. Ұстаздары Қуаныш Мағауиннің бастамасымен қолға алған тың жобаның берері мол дейді олар.
- Жаһандану заманында жастардың барлығы дерлік шетелдік ойындардың жетегінде кетіп барады. Таңның атысынан күннің батысына дейін компьютер, смартфондардан бас алмайды. Бұл - олардың денсаулығы мен ішкі жан дүниесіне өте қауіпті. Мән-мағынасы жоқ, жауыздық пен қаскөйлекке құрылған ойындардан балалар қандай тәлім алады? Ешқандай! Ал біздің төл ойындарымыздың ақылойдың дамуына, білім көкжиегінің кеңеюіне, сөздік қорының молаюы мен өз пікірін жеткізе білуіне тигізер пайдасы көп. Сондықтан шәкірттеріммен бірге асық ойынының негізінде жаңа дүние ойлап табуды жөн деп шештік. Негізі қаланды, алда әлі талай жұмыс күтіп тұр, - дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин.
Осы басылымда «Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді» деген мақала берілген. Кез келген саланың жұмысы жандану үшін инвестиция тарту - ең маңызды мәселенің бірі. Астананың тұрғын үй құрылысы саласы өзге аймаққа қарағанда бұл жағынан көш бастап тұр.
«Өткен жылы тұрғын үй құрылысы саласына қаржы құю 17,2 пайызға артқан. Соңғы үш жыл бойы қатарынан осы салаға инвестиция тарту көлемі артып келеді. Тек өткен жылдың өзінде 719,2 миллиард теңгеге жеткен. Әсіресе, былтыр жеке тұрғын үй құрылысы саласына салынған инвестиция көлемі қомақты. Бұрнағы жылы 7 пайыз болса, былтыр 43 пайыздан асып жығылған. Қайта мемлекеттік және шетелдік инвестиция көлемі анағұрлым қысқарғаны байқалады. Әрине, әркім өз бетінше баспана мәселесін шешіп, асарлатып тұрғын үй салып алып жатса, бұл - қуанарлық та, құптарлық та жағдай. Дегенмен, елдің бәрі бірдей қалаған жер учаскесін алып, баспана тұрғызуға шамасы келе бермейді. Мұндай жағдайда жылдар бойы кезекте тұрып, басыбүтін бір пәтерге қол жеткізе алмай келе жатқандардың қарасы әлі де көп екенін бәріміз де білеміз. Бір қуанарлығы, қазір түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтер мәселесін шешіп жатқандар баршылық»,-деп жазады мақала авторы. Құрылыс мәселесі жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз.