Павлодарлық шенеуніктер 17 қыркүйекте президенттік тест тапсырады

АСТАНА. ҚазАқпарат -17 қыркүйек күні Павлодар облысының шенеуніктері президенттік тест тапсырады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Спорттық шаралар жыл сайын Павлодар облысының тұрғындары арасында қыркүйек пен қазан айларында өткізіледі. Облыстық басқармалардың қызметкерлері тестті орталық стадионда тапсырса, қалғандары «Жұлдыз» стадионында кездесетін болады.

 Жалпы тест барысында қызметкерлер сегіз түрлі сыннан өтеді: қысқа және ұзын қашықтықта жүгіру, орнынан секіру, ерлер арасында кермеде тартылу, әйелдердің арасында кеудені көтеру, пневматикалық винтовкадан ату, шаңғымен жүгіріс, допты және гранатаны лақтыру, жүзу.  Негізі, президенттік тест бес сатыдан тұрады: біріншісі - 9-10 жастағы 4-7 сынып оқушылары арасында «Шымырлық пен ептілік», екіншісі - тоғызыншы сынып оқушылары үшін «Спорт ізбасарлары», үшіншісі - 11-сынып оқушылары мен колледж бен лицей студенттеріне арналған «Күш пен батылдық»,  төртіншісі - 18-23 жастағы студенттер мен 24-39 жас аралығындағы жастарға «Шынығуды жетілдіру» және бесіншісі - 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары өңір тұрғындарына арналған «Сергектік пен денсаулық».

 Айта кетерлігі, президенттік тестті дәрігерден рұқсаттама қағазы бар, спортпен белсенді айналысатын және өз бетінше айналысатын адамдар тапсыра алады.