Павлодарлық студент қыз Америкадағы госпиталдардың бірінде ес-түссіз жатыр -ҚР СІМ

ТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Work & Travel» бағдарламасы бойынша АҚШ-та жұмыс істеп жүрген павлодарлық Айнұр Ахметова Массачусетс штатындағы госпитальдердің бірінде ес-түссіз жатыр.

Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, А.Ахметова өзі жұмыс істейтін қонақүйдің бассейінде белгісіз жағдайда ес-түсінен айырылған күйінде табылған. Полиция қызметкерлері келіп жеткенше, ол судан шығарылып, қасында адамдар болған. А.Ахметованың жүрек қағысы, дем алысы білінбеген.

«Біздің дипломаттардың мәліметтері бойынша, А. Ахметова өте ауыр жағдайда ес-түссіз болған», - деп атап өтті ресми өкіл.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Айнұрдың апайының шұғыл арада АҚШ-қа ұшып баруы үшін американдық виза алуға жәрдем берді. Қазіргі уақытта ол Америкада. Сонымен қатар еліміздің Нью-Йорктегі Бас консульдығы да оған қажетті қолдау көрсетуде.