Павлодарлық суретшілер Чехияда өткен халықаралық байқауда лауреат атанды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат -  Павлодар қаласының № 2 Балалар көркемсурет мектебінің оқушылары Чехиядағы Лидице ауылында өткен 45-халықаралық «Саяхат» көркем туындысы көрмесіне қатысты.

Қалалық білім беру бөлімі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, аталмыш шараға мектеп оқушыларының 31 суреті жіберілген. Көрме экспозициясы Лидице галереясында 30 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

«№ 2 көркемсурет мектебінің оқушылары 8 жастағы Анна Попиктің «Екі құрбы» мен 10 жастағы Ажар Нұркинаның «Жас жүзгіштер» атты екі шығармасы қорытынды бөліміне енгізілді. Лауреаттардың жұмыстары гуаш бояуларымен кестелі сурет мәнерінде орындалған. Оқушыларды сурет педагогы, мектеп басшысы Наталья Герусова дайындады», - дейді бөлім маманы Балжан Әділханова.

Айта кетерлігі, аталмыш сайыс 1967 жылдан бастап өткізіледі және Лидице чех ауылындағы немістер өлтірген және соғыста қаза тапқан балаларды еске алуға арналған. 1973 жылдан бастап көрме халықаралық мәртебе алып, жыл сайын 70 шақты әлемнің әртүрлі елдері қатысады. Биыл ең үздік суретші балаларды салтанатты түрде марапаттауға Чех Республикасының 23 елшілігінің өкілдері мен елшілері қатысты.