Павлодарлық тұрғын заңсыз құрылыстың кесірінен күн сәулесін көрмей отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының тұрғыны Светлана Исаканова өз үйінде күн сәулесін көрмей отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

- «Жаяу Мұса, 1» мекенжайында орналасқан пәтерім бар. Менің рұқсатымсыз "Сұңқар" дүкенінің жанынан құрылыс жүргізілуде. Қазіргі таңда табиғи жарықты көруден қалдық. Әлбетте, қараңғылық басқан баспанамды саудаға қою немесе ауыстыру да мүмкін болмай отыр. Өткен жылы қыркүйек айында құрылыс бөліміне жүгінген болатынмын. Дегенмен, мәселе шешімін таппады. Заңсыз құрылыс жүргізген адамды таба алмағандықтан, істі жауып тастаған. Енді қайтадан қолға алуға уәде беруде. Бүгін "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалында қабылдауда болдым, - дейді Светлана Исаканова.

Павлодар қаласы мемлекеттік сәулет және құрылысты бақылау бөлімі ұсынған хаттың жауабына сүйенсек, аталмыш нысанның құрылысын салуға жергілікті атқарушы орган тарапынан ешбір рұқсат қағаздары берілмеген. "Сұңқар" дүкеніне қосалқы құрылыс тұрғызу бойынша жобалық-сметалық құжаттама алу бойынша келісім жүргізілмеген.

Заң талаптарын бұза отырып салынған құрылыс тұрғын үйге табиғи жарықтың түсуіне кедергі болумен қатар, өрт қауіпсіздігі ережесі мен сыртқы көріністі бұзуда.

Айта кетерлігі, Светлана Исаканова "Сұңқар" дүкенінің иесі Сұлушаш Қайырбаеваға адвокатының атынан дауды сотқа дейінгі реттеу туралы хат жолдаған. Әзірге нәтижесіз. Ол өзінің бұл талабы қанағаттандырылмаған жағдайда заңсыз тұрғызылған құрылысты бұзу туралы арызбен сотқа жүгінуді көздеп отыр.