30 қазан күні сағат 17.35-те «Ақжол» бақылау пунктіне Бауыржан Мәулімбергенов атты жүргізуші хабарласып, белгісіз әйелдің көпірден секірмек болғанын айтқан.
«Қалаға қарай беттеп бара жатқан кезде көпірден секірмек болған әйелді байқап қалдым. Ол сәл артқа шегінді де, күртесін шеше бастады. Ойын бірден түсініп, оған жүгіре жөнелдім. Жете бергенімде әйел көпірдің сүйенішінде отырып, секіруге шақ қалды. Бірер секундтың ішінде артынан жүгіріп келіп, мойнынан қысып, жерге түсірдім. Одан алкоголь иісі сезілді. Әйел жылап, өмірінің қиындығына, бәрінен шаршағанына шағымданды. Шамам келгенше оны сабырға шақырып, содан кейін полиция қызметкерлерінің қолына тапсырып, үйіме кеттім», - дейді өз сөзінде Бауыржан.
Осылайша, Павлодар тұрғынының адамгершілігі адам өмірін құтқарып қалды.
Кейін 30 жастағы әйелдің кәмелетке толмаған 3 баласы бары анықталды. Сол күні өз туыстарымен ұрысысып қалып, өз-өзіне қол жұмсамақшы болған.
45 жастағы Бауыржан Мәулімбергенов өзін батыр деп санамайтынын айтады. «Менің орнымда бәрі осылай істейтін еді» дейді.
Полиция департаментінің басшылығы үш баланың анасын құтқарған жігітті марапаттағалы жатыр.