Павлодарлықтар Ата заңымыздың мерейлі күнін салтанатпен атап өтті (ФОТО)
Павлодар шаһарының орталық алаңына облыстағы индустрия, экономика, білім, медицина, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттік қызмет, ішкі істер, мәдениет салаларының өкілдері бас қосып, еліміздегі басты мерекенің көрігін қыздырды.
Орталық жағажайда «Ата заң - айбарым» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, әртістер қауымы жиналған жұртшылыққа ән мен күйден шашу шашты. Өңір халқының қуанышына ортақтасқан Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов жамағатты мейраммен құттықтап,ақ тілектерін жолдады. - Әлихан Бөкейхановтың «Заң адам үшін жазылды» деген сөзі бар. Алға қойылған мақсат-міндеттерді бұлжытпай орындаудың нәтижесінде, біз қысқа мерзімде мемлекеттігімізді нығайтып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Бүгінгі күні мемлекетімізде жүзі басқа тілегі бір ұлт өкілдері арасында бейбітшілік пен бірлік салтанат құрған. Бұл - Конституция іс-әрекетінің нақты, әрі негізгі нәтижесі екені сөзсіз. Ата Заңымыз - түрлі ұлт өкілінің Отанына айналған еліміздегі жарасымды жасампаздық пен баянды бірлігіміздің кепіліне айналды. Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық пен отбасыларыңызға амандық тілеймін, - дейді Б. Бақауов. Еліміздің басты мерекесін атап өтуге келгендердің қарасы қалың болды. Мемлекетіміздің негізгі Заңына арналған концерттік бағдарламаны өткізуге облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанындағы түрлі ұлт өкілдерінің шығармашылық ұжымдары мен әнші-бишілері атсалысты. Бұл күні Павлодар қаласында орталықтандырылған кітапхана жүйесінің мамандары «Кітапқұмарлар қаласы» атты ауқымды жобаны жүзеге асырды. Жоба аясында Ата Заңымыздың 20 жылдығына арналған көрмелер, аспан астындағы кітапхана өткізілді. Кез келген қала тұрғыны «Жеті жарғы» заңынан бастап бүгінгі күні жоғары маңызға ие заң жүйесімен танысу мүмкіндігіне ие болды. «А. Гайдар атындағы балалар кітапханасының ұжымы ашық аспан астындағы кітапхана жобасын қолға алды. Шара барысында облыстағы балалар кітапханаларының мамандары қуыршақ театрларының қойылымдарын паш етіп, Ата Заң туралы мол мағлұмат ұсынды», - дейді А. Гайдар атындағы балалар кітапханасы директорының орынбасары Гүлсипа Тухфатуллина.