Павлодарлықтар биыл көріктендіру айлығын ерте бастағалы отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда 2 сәуір - 2 мамыр аралығында көріктендіру айлығы өтеді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде облыс орталығының басшысы Нұржан Әшімбетов айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Бұған дейін жыл сайын сәуір айының ортасында санитарлық шаралар басталатын», - деді қала әкімі Нұржан Әшімбетов. - Биыл Мамыр мерекелері қарсаңында қаланың таза болуы үшін айлықты ертерек бастауды жөн көрдік. Жылдың жылы мезгілі бойы көріктендіру жүргізіле береді. Былтыр көшелерді мемлекеттік органдарға бекітудің нәтижесінде жақсы жұмыс жүргізілді. Биыл да көріктендіру шаралары жалғасын табатын болады.

 Қалалық ТҮКШ, АЖ және ЖК бөлімінің басшысы Эрик Атикеевтың айтуынша, көріктендіру айлығына 50-ден астам мемлекеттік мекеме мен қала әкімдігінің 15 бөлімі қатысады. Кешенді жоспарға сәйкес Кутузов, Амангелді және 1 Мамыр көшелері жөнделеді. Бүгінгі таңда мердігер компания ретінде «Бонус-Строй» ЖШС анықталған.  Жеті қиылыста бағдаршамдар тұрғызуға  шамамен 41 млн теңге, жол өткелдеріне ағымды жөндеу және қоршауға 5 млн теңгеден астам, ағаштар мен көшеттер отырғызуға 30 млн теңге, гүлзарларға 70 млн теңге және тұрғын үй орамдары ішіндегі аулаларды жөндеуге 1 млрд 700 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған.  626 жол белгісін орнатуға тендерді «Ыбыраев» ЖК ұтып алған. Жұмыс кестеге сәйкес Естай - Кутузов - Катаев - Естай көшелерінде жүргізіледі. Төрт саябақты көріктендіру жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарды «Бонус-Строй» ЖШС сәуір айында бастайды. «Қазақстан Алюминийі» АҚ жасыл белдеу орнатады. Қала әкімі Нұржан Әшімбетов сенбілікте қоқыс шығаруға қажет техника бюджет есебінен ұсынылатынын еске салды. - ТҮКШ бөлімінің апаттық жағдайда тұрған ағаштарды кесуге арналған бюджеттік бағдарламасы бар. Қала тұрғындары бөлімге хабарласып, өтініш қалдыра алады, - деді Нұржан Әшімбетов. - Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі күн жылысымен жолдардағы шұңқырларға қиыршықтас пен инертті материал төсеуді бастайды. Квартал ішіндегі аумақты жинастырумен біз айналысамыз. Учаскелік инспектолар бақылаусыз қалдырған әрі жабайы қоқыс орындарында біздің мердігер қоршау орнату қажет. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес барлық жеке меншік иелері көріктендірумен айналысуы тиіс.