Павлодар қаласының тұрғыны Әлия Құдайбергенованың балаларына мектеп формасын сатып ала алмай жүргеніне бір аптаға жуық уақыт болған. Оның ұлы мен қызы №37 жалпы білім беру мектебінде оқиды.
«Оқу жылы аяқталғанда Glasman тігін фирмасына екі балама мектеп формасына тапсырыс беріп, алдын ала төлем жасаған едім. Қызметкерлер балаларымның киім өлшемін алып кеткен еді. Ақшасы төленген соң, оқу жылы басталарда киімдерін алып кетемін деген ойда едім. Бірақ балаларыма сәйкес келетін киім таппадым. Себебі мөлшері үлкен. Осы жерде жүргеніме 5 күн болды. Мектепке баратын күн де жақындап қалды. Уақыт тығыз. Не істерімді білмеймін», - деп налиды ата-ана.
Көпшіліктің айтуынша, мұндағы мектеп формасының бағасын бәрінің қалтасы көтере бермейді . Мәселен, ер баланың кеудешесі - 4 мың, пиджагі - 10-13 мың, шалбар - 5-7 мың, жейде - 3700 теңге тұрады. Ал қыздарға арналған пиджак - 10-13 мың, юбка 5-7 мың, шалбар 5-7 мың, кеудеше - 4 мың, жейде 2700-7000 теңге аралығында сатылады. Яғни бір балаға орташа есеппен 20-25 мың теңге жұмсалады.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Саян Мұқанов Glasman тігін компаниясына кезектің көптігін фирма өнімдерінің сапасымен байланыстырды. Оның айтуынша, оқушыны аталмыш тігін салонынан киіндіруді ата-аналар комитеті және мектеп басшылығы бірлесіп шешкен. Сондай-ақ, Glasman компаниясы мектеп формасын нарықтық бағамен сатып отырғанын жеткізді.