Пайдакүнем лауазымды тұлғаларға өткізілген мемлекеттік сатып алуларды тексеру қалта толтыру әдісіне айналған - М.Жұманбай

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Пайдакүнем лауазымды тұлғалар үшін өткізілген мемлекеттік сатып алуларды тексеру баю мақсатында бизнеске қысым жасаудың тағы бір жолы болып отыр.

Бұл туралы бүгін елордада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Атырау облысында қызмет бабын пайдаланып алаяқтық жасағаны үшін облыстық қаржылық бақылау инспекциясының маманы Ерғалиев мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Қызылқоға ауданының Қаракөл ауылындағы орта мектепті күрделі жөндеудің тексеру нәтижесі бойынша оң қорытынды беруі үшін «СнабОйлСтрой» ЖШС өкілінен 500 мың теңге және 10 мың АҚШ долларын алу үстінде ұсталған.

Сондай-ақ Алматы қаласында облыстық қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы Есқазиев 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол бопсалау жолымен «Изобилие» ЖШС директорынан аталған кәсіпорынды тексеру кезінде оң шешім шығару үшін 1700 АҚШ долларын пара ретінде алған.