Пайдаланылмай жатқан жайылымдарды анықтау талаптары жеңілдетіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізіледі.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Тиісті жобаны Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірледі.

Құжатқа сай, төрт түлік мал жайылымның кемінде 30%-ында болуы керек. Сонда пайдаланылмай жатқан жер деп есептелмейді. Ал бұған дейін жайылымның 50%-ында үй жануарлары болуы талап етілген болатын.

— ҚР Жер кодексінің 92-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес келтіру мақсатында, ҚР 2026 жылғы 14 шілдедегі № 350-VIII «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен жайылымдардың жалпы алаңына шаққандағы шекті рұқсат етілген жүктеме нормасының елу пайызынан отыз пайызына дейін ауыл шаруашылығы жануарларының болуы жөніндегі талапқа өзгерістер енгізілді, бұл жайылымдардың пайдаланылмауын айқындау үшін қолданылады, — делінген құжатта.

Сонымен бірге, өзгерістер шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру мен жүргізуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоба қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталына 15 қыркүйекке дейін жүктелді.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде жайылым тапшылығы 3,5 млн гектарға қысқарғанын жазғанбыз.