Пайдалануға тыйым салынған ұшақтардың тізімі ашық жарияланатын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану талаптарын бұзушыларға Азаматтық авиация комитеті қатаң шаралар қолданбақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

2018 жылғы көктемгі-жазғы навигация маусымы қарсаңында ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің бастамасымен азаматтық авиация мәселелері бойынша үлкен салалық кеңес өтті. ҚР Бас көлік прокуратурасы атынан Алматы қаласының авиациялық прокуроры, шағын авиация пайдаланушылары, әуе компанияларының және әуежайлардың 90-нан астам өкілі қатысқан.

Комитеттің авиациялық және оқыс оқиғаларды тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов кеңес барысында былтыр тіркелген бес әуе оқиғасының үшеуінің тергеу қорытындысымен таныстырды. Сонымен қатар, ол тексеру бойынша қысқартылған есептер міндетті түрде Азаматтық авиация комитетінің сайтында жарияланатынын хабардар етті.  

«Өндірістік тәртіп мәселесіне, кішігірім әуе компаниялары мен жекеменшік әуе кемелері иелерінің ұшуды орындау тәртібін сақтауға басты назар аударылды», - делінген хабарламада.

Ал комитеттің ұшу жарамдылығы басқармасының басшысы Тимур Якубов еліміздің азаматтық авиация флотының, шағын авиация ұшақтарының техникалық жағдайына тоқталды. Сондай-ақ, ол жеңіл авиация ұшақтарын сертификаттау ережесіне түзетулер енгізу туралы және жалпы мақсаттағы авиация операторларына ерікті хабарлау жүйесін жасауды атап өтті.

«Қатаң есептегі техникалық құжат дубликаттарының берілуіне тыйым салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ барлық азаматтық авиация пайдаланушыларында AFTN тіркелген байланыс жүйесі міндетті түрде орнатылуы керек. Пайдалануға тыйым салынған әуе кемелерінің тізімі тұрақты түрде азаматтық авиация комитетінің веб-сайтында жарияланып, үнемі жаңартылып отырады. Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуратурасының тексеру нәтижелері бойынша ұсынымдарға ерекше назар аударылды», - делінген хабарламада.

Азаматтық авиация комитеті басшылығы ұшу ережелеріндегі және нормативтік құжаттардағы жоспарланып отырған негізгі өзгерістермен таныстырды. Комитет тарапынан әуе кеңістігін пайдалану бойынша заңды бұзушыларға қатаң шаралар қолдану, тіпті пайдаланушының сертификатын қайтарып алу туралы жолдары қарастырылатынын хабардар етті.

Айта кетсек, Азаматтық авиация комитеті өз қызметін әлемдегі ең озық болып табылатын британдық үлгіге сәйкестендіру процесіне кірісті. Тың үлгі бойынша ең басты өзгерістердің бірі - еліміздегі авиация саласында жуық арада ұшу биіктігін өлшеу «футтық» (1 фут - 0,3048 метр - авт.) жүйеге көшетін болады.