Бұл туралы бүгін селекторлық тәртіптегі Үкімет отырысында Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
2012 жылы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2012-2014 жылдарға көзделген айналымға енгізілген ауылшаруашылық алқаптарын түгендеу басталған болатын.
«91 млн. гектар жерге біз тексеріс өткізіп, оны тиімді пайдаланудың мән-жайын анықтаймыз. Бұл жұмыстар үш жыл қатарынын атқарылатын болады. 2012 жылы 31 млн. гектар аумақта түгендеу шаралары жүзеге асырылды. Соның ішінде 3 млн. гектар жер тиімді пайдаланбай отырғандығы анықталды. Ендігі мақсат - бұл жерді биылғы жылы ауыл шаруашылығы айналымына енгізу»,-деді бірінші вице-министр.
«Яғни, бұл жерлер былтыр анықталды. Атап айтқанда, аталған 3 млн. гектардың 800 мың гектары қайтарылды. Осының 63 пайызы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген азаматтарға берілді, 10 пайызы аукцион бойынша сатылды, ал 27 пайызы конкурс аясында инвестиция салуға қауқарлы мекемелерге тікелей берілді»,-деп толықтырды Қ. Өскенбаев.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының аумағы 272,49 млн гектарға созылып жатыр. Оның 222,24 млн. гектары ауыл шаруашылығы алқаптары алаңы, соның ішінде 29,41 млн. гектары егістік, 0,12 млн. гектары көп жылдық екпелер, 5,16 млн. гектары шабындық жерлер болса, 187,55 млн. гектарды жайылымдар қамтып отыр. Жалпы республика бойынша ауыл шаруашылығы алқаптары алаңының 40 пайызы немесе 91 млн. гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылған.