Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау мақсатында ауыл шаруашылығының жерлеріне түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет

None
АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет басшысының Жолдауында жүктеген міндетті атқару үшін, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау мақсатында ауыл шаруашылығының жерлерін,

әсіресе Астана, Алматы қаласы мен облыс орталықтарының маңындағы жерлерге түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков осылай мәлім етті.

«Республикадағы ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 93,4 млн. гектар болса, оның ішінде 23,4 млн. гектары егістік жерлерді құрайды. 2010 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша елімізде 207 мың шаруа және фермер қожалықтары, 6,1 мың акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктері, 1,3 мың өндірістік кооперативтері жұмыс істеуде. Олардың иеліктеріне барлық ауыл шаруашылығы жерлерінің 98,4 пайызы берілген. Өкінішке қарай, соңғы 15 жылда ауыл шаруашылығы саласында басты назар жердің құқықтық мәнісіне, яғни меншік мәселесі мен бұрынғы ұжымшар, кеңшарлар жерлерін таратуға бағытталып, ондай жерлердің сапалы жағдайына мән берілмеді. Әсіресе жерді тиімді пайдаланудың бірден бір құрамдас бөлігі ішкі шаруашылық жерлерге орналастыру жобаларын жасау мәселесі кейінге шегеріліп келді. Мұндай жобаларды жасауға бюджеттен соңғы 15 жылда қаражат қарастырылмай отыр. Бұл мәселені шешу жерді тиімді пайдалануға өз септігін тигізер еді», - деді агенттік төрағасы.

Сонымен қатар ағымдағы жылғы Мемлекет басшысының халыққа Жолдауына тоқталған Ө. Өзбеков, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау үшін ауыл шаруашылығының жерлерін, әсіресе Астана, Алматы қаласы мен облыс орталықтарының маңындағы жерлерге түгендеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Бұнымен қоса, түгендеу жұмысының нәтижесі бойынша бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару және оларды тиімді пайдалану шарасын іске асыру өзекті болып отыр. «Бұл ретте еліміздің жер ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында алғашқы кезеңде жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып, бар құжаттардың негізінде ауыл шаурашылығы мақсатындағы жерлердің жағдайына сараптама жасап, бос жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізуді анықтау жұмыстарын жоспарлап отырмыз», - деді Ө. Өзбеков.