«Заң жобасы қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырысы саласындағы мемсаясатты жүйелі негізде жүргізуге мүмкіндік береді. Біріншіден, мемлекеттік саясаттың, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы мемреттеудің негізгі міндеттері бекітіледі. Екіншіден, құқық қолдану тәжірибесінде пайдаланылатын, алайда заңнамалық тұрғыдан бекітілмеген қорғаныс өнеркәсібі, қорғаныс өнеркәсібі кешенінің ұйымдары, әскери-техникалық ынтымақтастық, пайдаланылмайтын мүлік сияқты жаңа ұғымдарды айқындау ескерілген», - деп атап өтті Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов заң жобасын таныстыру кезінде.
Осы орайда ол қару-жарақ, әскери техника және қару-жарақ пен әскери техника айналымы деген ұғымдар біріздендірілгенін жеткізді.
«Әлеуетті ведомстволарды оларға тән емес функциялардан босату мақсатында министрлікке арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының пайдаланылмайтын әскери мүлкіне және пайдаланбайтын қару-жарағы мен әскери техникасына иелік ету бойынша құқықты беру ұсынылады. Иелік ету құқығы көрсетілген мүлікті қорғаныс өнеркәсібі кешені ұйымдарына қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғыртуға, жаңа түрлерін әзірлеуге беруді ескереді. Ондай қажеттілік болмаған жағдайда, оны экспорттау және қорғаныс кешені өнеркәсібі ұйымдарында жөндеу мен жаңғырту, сондай-ақ қайта өңдеу немесе жою шартымен өткізуді қамтиды», - деді министр.