Пайдаланылмайтын жерді мемлекеттік меншікке қайтаруға қатысты шаралар қабылданып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 3,2 млн гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты жайылымдық алқаптармен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында Министрлік пайдаланылмайтын жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдауда. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық жерде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың ғарыштық мониторингі енгізілді. Ғарыштық мониторингтің алдын ала нәтижелері бойынша бүкіл республика бойынша 22,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жері, оның ішінде 1,1 млн гектар егістік және 21,3 млн гектар жайылым анықталды. Олардың 3,2 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды, мұның 3 млн гектары – жайылымдық, 223 мың гектары – егістік жерлер», - деді Е. Қарашөкеев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, жер заңнамасына пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен оларды алып қою мерзімдерін қысқарту (2 жылдан 1 жылға дейін) және ғарыштық мониторинг әдісін қолдана отырып, байланыссыз бақылау процесін автоматтандыру жөнінде түзетулер қабылданды. Сондай-ақ, міндетіне жауапсыз қарайтын жер пайдаланушыларды пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыдан мәжбүр ету мақсатында Салық кодексінде пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған салық мөлшерлемесін 10-нан 20 есеге дейін ұлғайту көзделген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл наурыз айында ауыл шаруашылығындағы субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер топтамасы Үкіметтің қарауына енгізіледі.