Пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің жеті дерегі анықталды – Өнеркәсіп министрлігі

Фото: BJP7images / Shutterstock

АСТАНА. KAZINFORM — Пайдалы қазбаларды тәжірибелік-өнеркәсіптік мақсатта алу сылтауымен жасырын өндіру деректеріне жауапкершілік енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлім етті.

- Министрлік мамандары тұрақты негізде жер қойнауы бойынша келісімшарт міндеттемелерінің орындалуына мониторинг жасап келеді. Бұл тұрғыда өңірлердегі кен орындарын тексеру жоспары да бекітілген. 2025-2026 жылдары 440-қа жуық нысан қамтылады. Соның ішінде 300-ге жуық нысанды тексеріп шықтық. Өкінішке қарай, пайдалы қазбаларды тәжірибелік-өнеркәсіптік мақсатта алу сылтауымен жасырын өндіру деректері анықталып жатыр. Сондықтан Мәжілісте таныстырылған заң жобасы аясында жасырын өндіруге жауапкершілікті күшейтпекпіз. Егер инвестор тек барлау жұмыстарына рұқсат алса, мемлекеттік балансқа қоймайынша пайдалы қазбаларды өндіруге құқылы емес. Мұндай әрекеттер анықталса, лицензияны кері қайтару санкциясын енгіземіз. Бұған дейін бізде осындай тетіктер болмаған, - деді И.Шархан Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бағалы металдарды заңсыз өндіру және сату әрекеттері бойынша Қылмыстық кодексте жаза қарастырылған. Қазір бірнеше нысан бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

- Бұл тұрғыда жеті нысанды анықтадық. Осының бәрін дәлелдеу үшін тағы да тексеру іс-шараларын атқару керек. Мұндай деректер елдің әр өңірінде анықталып жатыр. Оны ғарыштан түсірілген суреттерден де байқауға болады... Соның арасында алтын өндіру әрекеттері де бар. Келтірілген шығын есептеліп жатыр. Аталған жеті нысан бойынша материалдар полицияға тапсырылды, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.