Әлемдік ғылыми орта мен экологтардың қоршаған ортаны қорғау мәселесіне көңіл бөлуі, шектен тыс ластанған аймақтардың жағдайын бақылау, өндіріс қалдықтарын пайдаға асыру, қоршаған орта сапасына баға беру, болашаққа болжам жасау және табиғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асырудың маңыздылығы да осындай өзектіліктен туындаған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында: «Қазақстанның энергия ресурстарын әлемдік рынокқа жеткізу, мұнай-газ кешендерін қазіргі заманға сай инженерлік және бағдарламалық қамтамасыз етумен қатар, халықаралық стандарттарға сай қоршаған ортаны қорғау қажет» деп атап өткен болатын. Демек, мұнай-газды өндірудің табиғи ортаға тигізетін зиянды әсерлерін азайту бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.
Қазақстанда жылына мыңдаған тонна өндірістік және ауылшаруашылық қалдықтары пайда болады. Кен орындарындағы қалдықтардың негізгі бөлігін ашық резервуарларда жиналып, сақталған мұнай қалдықтары құрайды. Өз кезегінде ашық орындарда жиналған мұнай қалдықтары жер қойнауына сіңіп, жерасты суларын, топырақ құнарлығын, осы аумақтағы сирек кездесетін кейбір өсімдіктердің түрін жойып, күн сәулесі әсерінен ауаға тарап, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын нашарлатуда.
Қазақстанда осы уақытқа дейін мұнай және көмір қалдықтарын өңдеп, қайта пайдалану мақсатында брикет отынын дайындауға арналған өндіріс ошақтары салынған емес. Қазіргі таңда көптеген жеке кәсіпорындар мұнай қалдықтарын жою мәселесін әртүрлі әдістер арқылы шешіп келеді. Дегенмен, бұл әдістер экологиялық-экономикалық тұрғыдан кәсіпорындарға пайда алып келмейді, керісінше қоршаған ортаға зиянын тигізеді.
Мұнай кен орындары мен өндіріс орындарында жинақталған органикалық қосылыстардың жоғары құрамымен ерекшеленетін қатты мұнай қалдықтары - асфальт-шайыр-парафин шөгінділерін қолданып брикет отынын жасау бойынша бірнеше жылдардан бергі жүргізілген тәжірибелік зерттеу жұмыстарының нәтижесінде брикеттеу процесінің технологиялық параметрлері анықталды. Ұсынылған құрамдағы брикеттелген отынды қолдану жергілікті мұнай кен орындарындағы жиналған асфальт-шайыр-парафин шөгінділері қалдықтарын пайдалану мүмкіндігін кеңейтіп, қоршаған ортаны зиянды заттардан қорғау бойынша түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Брикеттелген отын жасау технологиясы қарапайым көрінгенімен, ғылыми-техникалық және жүйелік дайындаусыз бұл процесс өз нәтижесін бермейді. Бұл технологияда ең маңыздысы брикет қоспасына қосылатын байланыстырғыш заттардың қасиеттері мен мөлшерлік ара қатынастарының тиімді сәйкестілігі дер едік. Осыған байланысты брикет отынын дайындау технологиясын жетілдіру және жабдықтардың өнімділігін арттыру мәселесі қазіргі таңда өзекті болып отыр. Асфальт-шайыр-парафин шөгінділерін, күріш қауызы және көмірдің ұнтақ қалдықтарын пайдаланып брикет отынын алу әдісі тиімді технологиялық параметрлерді ескере отырып жүзеге асады.
Сондықтан мұнай өндіруші аймақтардағы мұнай қалдықтарын кәдеге жарату және қайта өңдеу, қоршаған табиғи ортаны қорғаудағы негізгі мақсаттардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда мұнай өндіруші объектілері тазалау қондырғыларымен жабдықталғанымен, мұнайды өндіру мен тасымалдау кезінде қоршаған ортаға кері әсерін тигізетін заттардан және іс-әрекеттерден толық арыла алмай отырғаны анық. Сондықтан табиғи жағдай үшін шығыны аз, тиімді техника-технологиялық шешімдерді іздестіру ғалымдардың алдындағы үлкен міндет.