Пайғамбарға бағыну, оны дүниедегі барлық нәрседен, тіпті өз жанымыздан да артық көру, оның сүннетін ұстану, иманды жандардың мұсылмандық борышы - Бас мүфти

АЛМАТЫ. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Мәуліт мерекесін атап өту бүкіл елімізде қалыптасқан игі, ізгі дәстүрге айналды. Оны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі бүгін Республика сарайында өтіп жатқан Мәуліт мерекесі кезінде айтты.

«Адамзат тарихына зер салсақ, жер бетіндегі өмірдің пайғамбарлардан басталғанын байқаймыз. Шынында да жаратушы иеміздің елшілері болмаса діннің де, жалпы тіршіліктің де толыққанды мәні ашылып, мақсаты айқындалуы мүмкін емес. Сондықтан сонау алғашқы адамның жаратылысынан бері әрбір қауымға Алланың елшісі-пайғамбары жіберіліп отырылған. Міне бүгін біз сол пайғамбарлар көшінің ең соңғысы, бірақ бір қауымға емес, бүкіл адамзатқа жіберілген мейірім жаршысы, екі дүниенің сұлтаны Мұхаммед Мұстафа әлик саламның дүниеге келген күнін мерекелеу үшін жиналып отырмыз», - деді Әбсаттар қажы.

Бас мүфтидің айтуынша, пайғамбарға бағыну, оны дүниедегі барлық нәрседен, тіпті өз жанымыздан да артық көру, оның сүннетін ұстану, иманды жандардың мұсылмандық борышы. Алла тағала барлық пайғамбарларға міндетті түрде қабыл болатын бір дұға жасауға мұрсат берді. Өзге пайғамбарлар оны осы дүниеде қолданды. Ал мейірім сұлтаны Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с. бұл мүмкіндікті өзі үшін емес, қиямет күні хақ тәңірге түсетін үмметінің шапағаты үшін сақтап қалды. Өйткені оның өз үмметіне деген мейірімі ерекше болды.