Пайызсыз несие ұсынып, 562 млн теңге пайда тапқан қаржы пирамидасының ісі сотқа жолданды

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Buyers Union» қаржы пирамидасын ұйымдастырып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінген бес адамға қатысты тергеуді аяқтады.

Фото: ҚМА

Тергеу мәліметінше, күдіктілер өз қызметін заңды етіп көрсету үшін тұтыну кооперативі мәртебесін пайдаланған. Ірі бизнес орталықтарынан кеңселер жалдап, еліміздің бірнеше өңірінде бөлімшелер ашқан.

Кеңселер желісі Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы, Шымкент қалаларында және басқа да елді мекендерде жұмыс істеген.

Әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында азаматтарға баспана немесе автокөлік сатып алу үшін «пайызсыз» қарыз алу, қолданыстағы несиелерін қайта қаржыландыру немесе Trade-in бағдарламаларын пайдалану мүмкіндігі жарнамаланған.

– Алайда қарыз алудың басты шарттарының бірі кооперативке жаңа мүшелер тарту болған. Азаматтар бастапқы үлестік жарнасын төлегеннен кейін кезекке тұрған. Ал кезектің жылжуы жаңадан қосылған қатысушылардың қанша ақша салғанына байланысты болған, – делінген агенттік хабарламасында.

Кооператив мүшелерімен жұмыс істеу үшін «TrustContact» және «TrustMe» цифрлық платформалары пайдаланылған. Бұл сервистер арқылы азаматтар келісімшарттарды онлайн жасасып, жеке кабинеттеріне кіріп, салған қаражаты мен кезектің жылжуын бақылай алған.

Тергеу барысында 332 азаматпен жалпы сомасы 562 млн теңгеден асатын келісімшарттар жасалғаны анықталды.

Соттың рұқсатымен алты автокөлікке, сондай-ақ 5 513 USDT және 1 003 Futeres көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.

Бес күдіктіге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада «Buyers Union» қаржы пирамидасын қоса алғанда, алты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғаны хабарланған еді. Бұл туралы Астана қаласы прокурорының көмекшісі Аслан Мәди мәлімдеген болатын.