Педагог балалармен бірге қуанып, мұңайса демеу болуы керек — Аян Сәбитов

Фото: Аян Сәбитовтың жеке архивінен

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Мұғалім сабақ бере жүріп өзі де жетіледі. Оқушы кезде есептің бір шешімі болмаса, ұстаз болғанда оның бірнеше жолы табылады. Бұл туралы математика пәні мұғалімі Аян Сәбитов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.

— Елімізде білім беру саласында көп реформа болды. Ең маңыздысы — Педагог мәртебесі туралы заң. Қарапайым мұғалімдер мұны сезінді ме? Дейін қалай болды, қазір нені байқадыңыз?

— Иә, ел ішінде, білім беру саласында оң өзгеріс көп болды. Бұрын мұғалімдер мерекелік шеру, жиыннан қалмай, адам санын көбейтіп отыратын. Ұстаздың құны түсіп, қоғам ішінде жиі талқыға түсетін. Ал қазір ше? Қазір өзгерді. Бірақ түбегейлі өзгеруі үшін әлі де уақыт керек. Мәселен мен мектеппен қатар университетте сабақ бердім. Студенттердің алдына барғанда бұл салаға да жаңа бір толқынның келгенін көрдім. Бұрын математика мамандығын таңдағандар қолына диплом алған соң басқа саланы құп көретін. Арасында «өзге факультетке түсе алмадым, сондықтан математика пәні мұғалімі мамандығын таңдадым» деген ойда жүретін замандастарымыз болды. Өкінішке қарай дәл сол кездің шындығы осы. Олар болашағын басқа саламен байланыстырды. Ал қазір университеттегі студенттердің қабілеті өте жоғары. ҰБТ-да жоғары балл жинаған жастар білім алып жүр. Оған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның өз әсері бар деп есептеймін. Жалақы өсті, математика саласын таңдаған, мұғалім болғысы келетіндер қатары артты. Осы ұрпақ мектепке барып, сабақ бере бастағанда деңгейіміз көтеріле түседі деп ойлаймын.

— Сіз мектепте және университетте қатар сабақ бердіңіз. Білім мен ғылымды қатар алып жүргендей әсер қалдырады…

— Университет математика пәні мұғалімдерін даярлайтын жоғары оқу орны. Оқу орны жыл сайын жұмыс берушілермен кездесіп, жиын өткізеді. Сондай кездесулердің бірінде сұраныс пен ұсыныстың қаншалықты бір-біріне сай келетіні туралы әңгіме қозғалды. Қолына диплом алған жас маман мектепке барып, бірден сабақ бере ала ма? Балаларды түрлі олимпиадаға қалай даярлау керек? Жас маман осының бәрін біліп барса, өзіне де, жұмыс берушіге де жақсы. Себебі қазір балалар тек ел ішінде емес, шетелде оқуды жоспарлайды. Шетелде білім алу үшін халықаралық емтихандарды тапсырып, жақсы нәтиже көрсетуі тиіс. Жас педагог мектепке барғанда әкімшілігі «оқушыны шетелдік оқу орындарының емтиханына дайындау керек» деп талап қоюы мүмкін. Демек педагог соған дайын болуы тиіс. Ал біздің студенттер арасында оқушы кезінде бәлкім ол емтихандарды өздері де тапсырмады, демек жолын білмейді. Мектеп мұғалімі, яғни, жұмыс беруші тарапынан университетте арнайы курс ашу туралы ұсыныс болып, ол қолдау тапты.

Фото: Аян Сәбитовтың жеке архивінен

— Мұндай тәжірибе неше жылға созылды?

— Екі жыл бойы оқыттым.

— Мектеп оқушысы мен студенттің арасы…

— Дарынды балаларға арналған облыстық лицей мен студенттердің деңгейі екі басқа. Оларды қатар қойып, салыстыра алмаймыз. Арасында лицейде оқып кеткен түлектер де кездеседі. Бір айтарым, студенттер оқушылардан әлсіз болуы да мүмкін кей кезде. Бірақ бұрынғыға қарағанда біраз өсім байқалады, серпіліс бар. Біз студент болғанда мұндай емес еді. Қарапайым ғана мысал. Қазір ҰБТ-дан 120 балдан жоғары жинағандар ғана математика пәні мұғалімі бола алады.

— Тағы қандай ұсынысыңыз бар?

— Мұғалім сабақ береді, оқушы соны қабылдайды. Бізде білім алу дағдысын да дамыту керек. Мектепте, университетте мұғалім, оқытушы бағыттайды, ал оны оқушы, студент әрі қарай дамытып жүр ме деген сұрақ туындайды. Қазір ЖИ қолдану да - жаңа бағыт.

— Өз-өзіңізді қалай дамытасыз?

— Оқушы кезімде олимпиадаға қатысатынмын, студент кезде де дәл сондай жағдай. Қазір де, мұғалім бола жүріп балаларды олимпиадаға дайындаймын. Жас ұрпаққа жаңа әдістемелерді, есеп шығару техникаларын үйретеміз, өзіміз де соны оқимыз, үйренеміз. Мұғалім сабақ бере жүріп өзі де дамиды. Оқушыларға да осыны айтамын. Оқушы есепті шығарған кезде бір есептің бір шешімін табады, сол дұрыс деген ойға келеді. Ал мұғалім болса, оқушыларға тапсырма береді. Оқушылар түрлі жолмен есеп шығарады. Бәрі дұрыс. Демек өзің есеп шығарсаң бір, сабақ берген кезде бірнеше шешу жолын үйренесің.

— Өзіңіз қай мектепте білім алдыңыз?

— Павлодардағы Білім-инновация лицейінде оқыдым. Педагогикалық университетте бакалавр, магистратурада оқып, Астана, Алматыда жұмыс істедім. Ақтөбеде сабақ беріп жүргеніме 6 жыл толады.

Фото: Аян Сәбитовтың жеке архивінен

— Шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз…

— Шамамен 100-ден астам оқушыны облыстық, 36 оқушыны республикалық олимпиадаға дайындадым. Ал 20-дан астам баланы халықаралық олимпиадаға шыңдадым. 2024-2025 оқу жылында бес оқушы халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысып, орын алды. Бұл олимпиада жыл сайын Алматы немесе Астана қалаларында өтеді. Оған 18 елден оқушылар қатысады. Туймаада олимпиадасына қатысқан үш оқушы да орын алды. Кейін Азия-Тынық мұхиты және «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасы ұйымдастырылды. Онда да төрт оқушы жүлдеге ие болды. Балқан халықаралық жасөспірімдер олимпиадасына қатысқан Мәлік Нұртай күміс медаль алды. Шілдеде Австралиядағы халықаралық математика олимпиадасына Кеңшілік Ерқанат қатысып, қола медаль иеленді. Ол жазда Президентпен кездесіп, марапатқа ие болды. Қазір математика олимпиадасына қатысып жүрген балалар көбіне ІТ саласын таңдап жатыр. Бірақ арасында математика пәні мұғалімі болғысы келетіндер де бар.

— Бір сұрақ, көп оқушы неге математика пәнінен қиналады?

— Менің ойымша, бізде талап жоғары. Қазір мектептерде аздап өзгеріс бар. Мәселен 9 сыныптан кейін өз қалауымен гуманитарлық немесе жаратылыстану бағытына бұрылады. Алайда гуманитарлық бағытты таңдап, сол бағытта мамандық алуға бекінгендер де математиканы оқиды, ҰБТ-да міндетті пәннің бірі. Математиканы тек ерекше қабілетті бала меңгере алады деу дұрыс емес. Еңбекқор буын да көп нәтижеге қол жеткізеді. Әсіресе мектеп бағдарламасы сол балаларға арнап жасалған. «Кез келген бала математиканы 12 жасқа дейін оңай меңгере алады» деген зерттеу бар. Проблема көп балада осы 12 жастан кейін басталады. Тұжырымға келісемін. Өзім осы салада жұмыс істеп жүрмін, әрі қарай да болашағымды байланыстырамын. Шәкірттерім АҚШ, Гонконг, Кореяда оқып жүр. Мектеп бітіріп кеткен соң да хабарласып отырамыз, келіп тұрады. Әрі лицейде менторлық жақсы дамыған. Жоғары сынып оқушылары төменгі сынып балаларына үйретеді. Ал университетте оқып жүрген жастар демалысқа келгенде жоғары сынып оқушыларын олимпиадаға дайындайды. Бұл менің педагог болуыма ықпал еткен еді.

Фото: Ақорда

— «Ерен еңбегі үшін» медалін Президенттің қолынан алдыңыз… Жауапкершілікті сезіндіңіз бе? 

— Бұл ең бірінші мемлекеттік награда. Сонымен бірге «Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгі иегерімін. Министрліктен Құрмет грамотасын да алғанмын. Мемлекеттік награданың жауапкершілігін кейін түсіндім. Көпшілік жылы лебізін білдіріп, құттықтап жатты. Ал менің ойымша педагог балаларды баулып, үйретіп, олармен бірге қуанып, мұңайса жанында демеу болуы керек. Мұғалім үйреткен әдіс-тәсілді меңгеріп, есеп шығара білсе ол бізге де күш-қуат береді. Кірдім, шықтым, сабақ бердім деп айтуға, ойлауға болмайды. Олимпиадаға қатысып, жүлде алғанда қуана білу маңызды. Үнемі жеңіске жету мүмкін емес қой. Бала өзі ойлаған межеге жете алмаса қолдап, көмектесеміз. Соны көре білу керек.

Еске салсақ, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады

Мемлекет басшысы өз құттықтауында қазіргідей құбылмалы заманда сапалы біліммен қатар, саналы тәрбиенің маңызы ерекше екенін айтты.