Бүгінгі таңда 54 ЖОО-ның педагогикалық бағыт бойынша лицензиясы бар. Педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлерге қойылатын талаптар кезең-кезеңімен артып келеді.
Осы жылы педагогикалық бағдарламаларға түсетіндердің ҰБТ-дағы орташа балы 105 балды құрады (2023 жылы — 102,5). Жыл сайын педагогикалық бағыттарға гранттар саны артып келеді. Егер 2023-2024 оқу жылында 15 923 грант бөлінсе, 2024-2025 оқу жылында — 15 973 грант берілді.
Педагогикалық жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмысты жалғастыруда. Білім беру бағдарламаларының тізіліміне 1,7 мыңнан астам бағдарлама енгізілді, оның 89,7%-ы «Педагог» кәсіби стандарты негізінде жаңартылды.
Дүниежүзілік банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы аяқталды. Жоба аясында 30 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді.
Сонымен қатар ADOS-2 аутизмді ерте диагностикалау әдістемесі және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды түзету бойынша 67 оқытушы қосымша оқытылды. Бүгінгі таңда «Арнайы педагогика» бағыты бойынша кадр даярлауды жүзеге асыратын 14 ЖОО инклюзивті білім беру кабинеттерімен жарақтандырылған. Брайльмен басып шығаруға арналған принтерлер сатып алынды. Педагогикалық білім беру тұжырымдамасы қабылданды.
«Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің үздік жоғары оқу орындарында 12,6 мыңнан астам адам, оның ішінде «Ғылыми-педагогикалық қызметкерлер» санаты бойынша — 1,9 мыңнан астам адам даярланды.
Бұған дейін хабарланғандай, еліміздің 4 жоғары оқу орнында «Этносаяси сауаттылық» пәні енгізілді.