Педагог мәртебесі: Заңмен қорғалған құқық, мемлекет тарапынан қолдау
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мұғалім мәртебесін арттыруға және олардың кәсіби әлеуетін толық ашуға бағытталған жүйелі қадамдар жасалып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров айтты.
Оның сөзінше, бүгінгі күні еліміздегі 22 мыңнан астам білім беру ұйымдарында еңбек етіп жүрген 600 мыңға жуық педагогтің қоғамдағы орны айрықша айқындалып, мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді.
Педагог мәртебесі: мемлекет ұстаздарға қандай қолдау көрсетіп жатыр?
2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бұл құжат педагогтердің құқықтарын қорғау мен мәртебесін арттыруды және әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Заң аясында педагогтерді кәсіби міндетіне кедергі келтіретін артық жүктемеден қорғау, оқу-тәрбие процесіне ғана назар аударуына жағдай жасау — педагогтердің кәсіби әлеуетін толық ашуға мүмкіндік берді.
— Заң қабылданғаннан бері білім беру саласында ауқымды оң өзгерістер болғанын атап өту керек. Оның ішінде, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы екі есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленіп келеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынып, осы жобаға қатысқан 400-ден астам педагог мектеп директоры болып тағайындалды. Сонымен қатар, биылдың өзінде біліктілікті арттыру курстарымен қамту көлемі екі есеге өсіп, аттестаттаудың жаңа цифрлық жүйесі мұғалімдердің сапалық құрамын 72%-ға дейін арттырды. Қазақстан педагогтердің еңбегін жоғары дәрежеде бағалайтын және оларды ынталандыруға басымдық беріп отырған бірден бір мемлекет болып есептеледі, — деді Серік Әшіров.
Ұстаздардың еңбегін бағалау мен ынталандыру мақсатында педагогтің аса үздік жетістіктері және сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы қалпына келтіріліп, 79 педагогтің маңдай тер, адал еңбегі әділ бағаланды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған ұстазға 1000 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы төлем жасалады.
«Үздік педагог» атағын иеленушіге ҚР Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленеді, сыйақы мөлшері 1000 еселенген АЕК болып белгіленген. Бүгінгі таңда елімізде 700-ден астам педагог осы атаққа ие болды.
Қазақстанның білім беру жүйесінде ең жоғары марапатқа ие болған — 5 «Еңбек Ері» педагогикалық қауымдастық арасында өз еңбектерімен мол үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Алматылық педагог Аягүл Миразова, шымкенттік ұстаз Алина Соловьева, семейлік мұғалім Алма Шүкежанова сынды «Еңбек Ерлерінің» қатарын 2024 жылы Гүлжанар Нұрпейісова мен Эльмара Траисова толықтырды.
2023 жылдан бастап Халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегерін дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленіп келеді.
Педагогке қызметінен тыс міндеттер жүктеуге жол берілмейді
Биылғы Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың қоғамдағы орнына ерекше тоқталды.
— Мұғалім — мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Елдің ертеңі ұстазға байланысты сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, — деп атап өтті Президент өз сөзінде.
Әсіресе, мектептен тыс жерлерде болған жазатайым оқиғалар үшін мұғалімді жауапқа тартудың орынсыздығын ескертті. Бұл — педагогтің кәсіби беделін қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының сөзінше, педагогтерге тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу және оның өз кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тарту түріндегі заң бұзушылықтарға жол берілмейді. Бұл әрекет үшін «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылады. Егер ол 1 жыл ішінде қайталанған жағдайда лауазымды тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға — 60 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұдан басқа, педагогке құрметсіздік танытқандар үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабымен жауапкершілік қарастырылған.
Ұстаздың ар-намысына нұқсан келтіру, оның ішінде БАҚ немесе телекоммуникация желілері арқылы абыройына нұқсан келтіргені үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
— Ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың жасаған орынсыз әрекеттері үшін олардың ата-анасына немесе ата-анасын алмастыратын тұлғаға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталанған әрекеттері үшін жеке тұлғаға 40 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға жазасы қолданылады, ал ата-анаға немесе ата-ананы алмастыратындарға қатысты 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. «Педагог мәртебесі туралы» заңның орындалуын қадағалау арқылы педагогтердің құқықтарын қорғау міндеті Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне жүктелген. Нәтижесінде, заң күшіне енген сәттен бастап 2020 жылмен салыстырғанда заң бұзушылықтар саны үш есе азайды, — деген дерек келтірді комитеті төрағасы.
Педагогті қорғау — маңызды міндет
Серік Әшіров атап өткендей, білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті педагогикалық әдеп нормаларының сақталуына да бақылау жүргізеді. Бұл нормалар заңдылық, адалдық, жауапкершілік және тұлғаға құрмет қағидаттарына негізделген.
— Ұстаздың негізгі міндеттері сапалы білім беру мен тәрбиелеу, баланың құқықтарын құрметтеу, педагогикалық әдепті сақтау, кәсіби құзыреттілігін үнемі жетілдіру мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал білім беру саласында заңдылық пен тәртіпті сақтау — баршаға ортақ әрі міндетті талап. Сондықтан өңірлік білім басқармалары мен аумақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері тек заң нормаларын түсіндірумен шектелмей, олардың нақты орындалуын қамтамасыз етуі тиіс, — деді ол.
Өңірлік деңгейде туындайтын осындай мәселелер бойынша педагогтер тікелей тиісті аумақтық департаменттер мен білім басқармаларына жүгіне алады. Аумақтық департаменттер мен Білім басқармалары басшыларының байланыс деректері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің және Комитеттің ресми сайтында және әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында ашық жарияланған.
Осыдан бұрын 200 мыңнан астам педагог жасанды интеллектіні қолдануға арналған тегін курстан өткенін жазған едік.