Педагогтар сынып тазалап жүр: Алматыда бейнежазбаға байланысты тексеріс басталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда мұғалімдердің қызметінен тыс жұмысқа тартылуына байланысты тексеріс басталды.

Фото: Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде Алматыдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейтінін айтқан әйел өз шағымын білдірді. Оның айтуынша, ұстаздар тамыз айында жұмысқа шығып, білім ордасының кабинеттерін тазалауға міндетті. Әр мұғалімге белгілі бір кабинет бекітілген.

– Маған көп адам «неліктен мұғалімдер тамыз айында соншалықты ерте жұмысқа шығады» деген сұрақ қояды. Біз терезе жуу үшін жұмысқа шығамыз. Бізге бекітілген кабинет бар. Тіпті бұл сенің тікелей міндетіңе кірмесе де, оны жасауға міндеттісің. Әйтпесе бізге сағатсыз қаласыңдар деп айтады, – дейді бейнежазбағы әйел.

Жағдайға қатысты Алматы қаласының Білім басқармасы жауап берді. Ведомство басшысының бұйрығымен қазір бұл дерек бойынша арнайы мониторингтік топ құрылған. Олар оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеру үшін білім беру ұйымына барады.

– Тексеру аясында барлық мән-жайды анықтау үшін мектептің педагогикалық құрамы мен әкімшілік-шаруашылық құрамынан жауап алынады, – делінген мәлімдемеде.

Тексеру қорытындысы бойынша қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады. Жағдай Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының жеке бақылауында.

Еске салайық, 2026–2027 оқу жылындағы мұғалімдерге арналған жаңа талаптар таныстырылды.