Қазақстанның білім саласында 500 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі жұмыс істейді. Аталмыш салалық кәсіподақ өкілдері өткен жылдың қорытындысын шығарған екен.
«Өткен 2021 жылы еңбек заңнамасының орындалуын қоғамдық бақылау шеңберінде білім кәсіподағы 1 730 тексеру жүргізді. Оның ішінде 2 797 еңбек заңнамасының бұзылуы анықталды. Оның еңбекақы төлеу бойынша – 783, еңбек қатынастарын ресімдеу бойынша – 798 және жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимі бойынша – 363 заңсыздық тіркелді. Мүшелік ұйымдар мен салалық кеңестің құқықтық қызметінің көмегімен заңсыз жұмыстан шығарылған 17 қызметкер жұмысқа қайта алынды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, кәсіподақ органдарының талабы бойынша кәсіподақ мүшелеріне 1,4 млрд теңге мөлшерінде заңсыз ұсталған немесе төленбеген ақша қайтарылған.
«Құқықтық мәселелер бойынша 21141 кеңес берілді. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сала ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 8 363 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Техникалық инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 3825 тексеру жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде салада жарақаттану көрсеткіші 10-нан 8-ге дейін төмендеді», - деп жазады кәсіподақ өкілдері.