Педагогтердің біліктілігін арттыру, жасанды интеллект: Қазақстан мен Өзбекстан әріптестікті дамытып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары аясында елдің Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрі Эъзоза Каримовамен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Мемлекет басшылары жүргізіп отырған саясаттың нәтижесінде екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың, оның ішінде мектепке дейінгі және мектеп білім беру бағытындағы ынтымақтастықтың жүйелі түрде дамып келе жатқаны аталып өтті.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Кездесу барысында педагогтердің біліктілігін арттыру, білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби байланыстарды кеңейту мәселелері қаралды. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан оқушыларының халықаралық олимпиадаларға, білім беру форумдарына және ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысуы аталып өтті.

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру саласындағы әріптестікті одан әрі дамытуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.

Айта кетейік, педагог, дәрігер және әлеуметтік сала мамандарының жалақысы өсті.