Бұл туралы бүгін лейкемиямен ауыратын балалардың гепатиттің «С» вирусын жұқтыру фактісіне қатысты арнайы Комиссия жүргізген тексерістің нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ж.Досқалиевтің айтуынша, бүгін министрлікте жұмыс комиссиясының отырысы өтіп, онда Республикалық қан орталығында эпидемиологиялық жағдай үшін жауапты директордың орынбасарын және Педиатрия институты директорының емдеу-алдын алу мәселелерін қадағалаушы орынбасарын қызметтерінен босату туралы шешім қабылданған.
Ал аталған екі Орталықтың басшылары қызметтеріне тағайындалғанына жарты жыл ғана болғандығы ескеріліп, оларға қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. «Бір айдың ішінде Комиссия анықтаған кемшіліктер жойылмаса, бұл басшылармен де қоштасатын боламыз», - деп қадап айтты ол.