Педиатрлардың жеке қабылдауын жандандыру Үкіметте қаралады

АСТАНА. ҚаАқпарат - Қазақстандық емханаларда педиатрлардың жекелей қабылдауын жандандыру бойынша жұмыс тобының шешімі жақында ұсынылады.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатынан кейін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Денсаулық сақтау қызметкерлері өкілдерінен, ғалымдар, ректорлардан құралған үлкен жұмыс тобы құрылған болатын және олардың жұмысы аяқталуға жақындады. Олар өңірлерді аралап, аудандарда педиатриялық қызметтердің жағдайымен танысты. Атап айтқанда, аудандар мен қаланың өз ерекшеліктері бар. Осы ретте 15 қарашаға қарай жұмыс тобы соңғы қорытынды ұсынысын жасайды. Бұдан кейін басқа мемлекеттік органдардағы әріптестерімізбен бірге Үкіметте қарастыратын боламыз»,-деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 20 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Тамара Дүйсенова жылдың соңына дейін қазақстандық емханаларда балаларды педиатрлардың жекелей қабылдауы қайта жанданатынын айтқан болатын.

Осы орайда ол ол  бүгінде емханаларда балаларды педиатрлардың бөлек қабылдауы бағытын қайта жаңғырту мәселесі қарастырылып жатқандығын, сондай-ақ жыл соңына дейін бұл мәселе шешімін табатынын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева білім беру жүйесіне педиатрия институтын жандандыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатқандығын айтқан болатын. Медициналық жоғары оқу орындарының үдерісі жетілдірілгенін еске салып өткен ол, осы ретте педиатрия факультеті емдеу факультетімен біріктірілгенін атап өтті.

Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде З. Балиева осымен келіспейтінін жеткізді. Оның пайымынша, кез келген педиатр ересек адамға ем-дом жасаса да, алайда терапевт баланы емдей алмайды. Себебі, сәбидің ағзасы ересек адамнан өзгеше болғандықтан, бұл бағытта тиісті қадамдар болуы тиіс.