Педофил химиялық кастрациядан өліп кетуі мүмкін бе

Химиялық кастрацияның да дәрі-дәрмек секілді жанама әсері мен қарсы көрсетілімдері бар, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: pixabay.com

«Химиялық кастрация жасалатын педофил бірінші рәсімнен кейін кемінде 6 айда 1 рет тексеруден өтеді. Атап айтқанда, гормондар деңгейін анықтау, физикалық деректер және жалпы клиникалық талдау жасау. Химиялық кастрация жасалған адамға Қазақстан Республикасының халқына психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес процесс аяқталғаннан кейін адамның денсаулығына динамикалық бақылау жүргізіледі», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің Kazinform тілшісінің сауалына берілген жауапта.

Ақпаратта айтылғандай, педофилге химиялық кастрация жасаған кезде ол шок алуы мүмкін.

«Химиялық кастрация жасауда қолданылатын антиандрогенді препаратты қабылдау жыныстық қатынастың төмендеуіне әкеледі. Алайда, химиялық кастрацияның да дәрі-дәрмек секілді жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдері бар. Анафилактикалық шок түріндегі жылдам аллергиялық реакция болған жағдайда, өлімді жоққа шығаруға болмайды. Бұл жеке адамның төзімділігіне байланысты және популяцияда өте сирек кездесетін ерекше жағдай», - деп түсіндірді ведомстводан.

Айта кетейік, биыл елімізде 32 педофилге химиялық кастрация жасалған.