Еске сала кетейік, 20 тамызда Ақтауда алты жасар қыз жоғалып кеткен болатын. Бірнеше сағаттан кейін полицейлер баланы өндірістік аймақ ауданынан тапқан еді. Денесінде көптеген жарақаты болған кішкентай қыздың зорланғандығын дәрігерлер анықтаған. Осыдан кейін ҚР ҚК 120-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
27 тамызда алты жасар қыз Маңғыстау облыстық балалар ауруханасынан санавиациямен Астанаға жеткізілді. 6 қыркүйекте Ақтау полицейлері 6 жасар қызды зорлауға қатысты күдіктіні ұстады. Ол өз кінәсін мойындады. Тергеу барысында оның қызды зорлағанын генетикалық сараптама да растағандығы айтылды.
Бүлдіршін қыз Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының балалар анестезиологиясы және жан сақтау бөлімінде жатты. Невролог, балалар гинекологы, пульмонолог, окулист, нефролог, эндокринолог, хирург сияқты бейінді мамандардың қатысуымен бірнеше мәрте консультация ұйымдастырылды. Сонымен қатар, телемедицина арқылы Кембридж университеті (Ұлыбритания) және Вена университетінің (Австрия) профессорларымен кеңес өткізілген еді.