***
«Педофилдерге қарсы үкіметтік бағдарлама әзірленуі мүмкін» деп жазады «Айқын» басылымы. Еліміздегі балаларға қарсы жыныстық зорлық жасау деректерінің артуына байланысты бұл проблеманы Бас прокуратура бақылауға алыпты.
Атап айтқанда, балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасауға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі заңдық базаны жетілдіруге айрықша назар аударылды. Бұл істе педофилдерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, балаларға зорлық көрсетіп сотталып шыққан адамдарға әкімшілік қадағалауды күшейтуді қамтамасыз ету мәселелері де қамтылады.
«Тағы бір жаңалық: бұрын бала зорлап, сотталып шыққан адамдар белгілі бір жерге келіп тұрақтаса, жергілікті тұрғындарды өз араларына тұруға кімнің келгендігі туралы міндетті түрде хабардар ету мәселесі пысықталмақ!
Бас прокурор мұндай қылмыскерлерге кесілген жазаны жеңілдетудің шартты түрде мерзімінен бұрын босату, шартты түрде соттау, рақымшылық жасау, жеңіл жазаға ауыстыру, т.б. сияқты қандайда бір шараларын енгізуге тыйым салуды ұсынды. Бұл санаттағы қылмыстарды тергеудің тиімділігін арттыру мақсатында күдіктіден жауап алған кезде полиграфологиялық зерттеуді пайдалануды заңмен бекіту ұсынылды», - делiнген мақалада.
Бас прокурордың мәліметінше, биылғы жылы арлы-ұятты адамдар атының өзінен жүрегі айнитын мұндай айуандық қылмыстар күрт артты: бес айдың қорытындысы бойынша, педофилдер тарапынан балаларға жасалған жыныстық қылмыстардың тек тіркелген деректерінің саны ендігі 632-ге жеткен.
Отандық автокөлік өндірісін дамыту мақсатында үкімет екінші деңгейлі банк арқылы халыққа несие бергені белгілі. Енді мұның қорытындысы қандай? «Шын мәнінде, халық несиемен автокөлік алды ма? деп сауал тастайды "Айқын" газетi "2886 адам көлік алды" атты мақалада.
Дерекке жүгінер болсақ, Қазақстанның Даму банкінің жеңілдікті авто несие беру бағдарламасының аясында 2886 қазақстандық көлікті болған. Банк олардың көлік алуына 9,2 млрд теңге көлемінде қаражатты несие ретінде берген.
Қазақстан Даму банкінің тұрғындарға авто несиені екінші деңгейлі банктер арқылы беретіні белгілі. Аталған бағдарламаға «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Халық Банкі» АҚ, «Сбербанк России» АҚ ЕБ, «АТФ Банк» АҚ, Forte Bank АҚ қатысуда. Жыл басынан бері олардың барлығына 2900-дей өтінім келіп түскен. Солардың 2886-сы ғана бүгінгі күні көлікті болып отыр. Қазіргі таңда 9 адамның сұранымы қаралу үстінде.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтарына авто несие беру шарттары жеңілдетілген түрде беріліп жатыр. Несиенің сыйақы жылдық мөлшерлемесі 4 пайызды құрайды, ал өтеу мерзімі 5 жылға дейін.
Несиеге берілетін автокөліктердің түрі қазір 55 болып тұр.
***
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съезінің кешегі жалпы отырысы мен жабылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты», деп хабарлайды « Егемен Қазақстан » басылымы « Тағаттылық - адамзат таңдауы » атты мақаласында.
Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі жаһандық үнқатысудың өзектілігін, оның қажеттілігі арта түскенін тағы да айқын көрсетіп бергенін айтты. «Сөз бен тіл, яғни тілдесу мен үнқатысу - адам баласына, адамзатқа берілген Құдайдың теңдессіз сыйы. Біздің парызымыз - оның бітімгершілік және жасампаз қуатын толығымен пайдалану. Бүгінгі V съезде жалпыға ортақ татулық пен мейірім, әділеттілік пен рухани үйлесім дәуіріне қарай тағы бір қадам жасалды. Біз жаһанды күмән-күдік жайлаған кезеңде тек бір-бірімізбен тілдесу арқылы ғана үмітті, болашаққа деген сенімді оятуға болатынын дәлелдедік», - деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев съездің қызметіне қатысты ұсыныстарын айтты.
«Қазірдің өзінде съезіміздің бай тарихы қалыптасып үлгерді. Біз бетпе-бет сұхбат құру жөнінде елеулі тәжірибе жинақтадық, сұхбаттасу мен өзара түсінісу дәстүрлерін орнықтырдық. Діндер мен өркениеттердің өзге де өзара ықпалдасу ұйымдарымен байланыс жолға қойылып келеді. Сондықтан мен Астанадағы осынау ғимаратта Бейбітшілік және келісім музейін ашуды ұсынамын. Съезіміздің тарихына деген мұндай игі көзқарас, адамзаттың даму проблемалары жөніндегі бірлескен шешімдер тәжірибесін жинақтап, қорыту діндер мен халықтардың татулығы мен өзара түсіністігін нығайту үшін аса маңызды болмақ. Бейбітшілік және келісім музейі, сондай-ақ, діндер мен мәдениеттер үнқатысуы тарихын зерттейтін съезд жанындағы ғылыми мекеме болады», - деді Мемлекет басшысы.