Оның айтуынша, 30 жасқа дейінгі әскери қызметшілер де қалауы бойынша осы тексерістен өте алады. Жаңа талап тұрақты әскери қызметте жүргендерге де, резервтегі әскери қызметшілерге де қатысты болмақ.
Егер тексеру кезінде тестостерон деңгейінің төмен екені анықталса, ем қабылдау немесе қабылдамауды әркім өзі шешеді.
- Бұл бастаманың мақсаты – әскери қызметшілердің күш-қуатын қолдан арттыру емес. Біз тек ағзада жетіспейтін гормонның орнын толтыруды көздеп отырмыз, – деді Пит Хегсет.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бағдарлама әскери қызметшілердің дене дайындығын сақтауға, ауыр жүктемеге төтеп беруіне және жалпы денсаулығын нығайтуға көмектесуі тиіс.
Мамандардың айтуынша, жас ұлғайған сайын ер адамдардың ағзасындағы тестостерон деңгейі біртіндеп төмендейді. Сондықтан мұндай тексерістер мәселені ертерек анықтап, дер кезінде ем қабылдауға мүмкіндік береді.
– Әскери қызметшілер тек бүгін емес, алдағы жылдары да өз міндетін толық атқара алатындай жағдайда болуы керек. Сондықтан олардың денсаулығына қазірден бастап көңіл бөлу маңызды, – деді министр.
Жаңа тәртіптің арқасында әр әскери қызметшінің денсаулығына қатысты негізгі көрсеткіштер жиналады. Бұл дәрігерлерге қажет болған жағдайда нақты ем тағайындауға көмектеседі.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ Иранға қарсы жаңа әуе соққыларын бастағанын мәлімдеген еді.