Пентагон америкалық сарбаздар үшін «бәрін көретін» линзаларға тапсырыс берді

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - АҚШ Қорғаныс министрлігі iOptik жүйесінің толықтырылған түптұлғасына тапсырыс берді, ол - көру қашықтығын кеңейтетін қос фокусті түйіскен линзалар.

Innovega компаниясы дайындаған жүйе оны тағушы адамға өзінің қасындағы және онымен бір уақытта виртуалды дисплейде бірнеше шақырым аралығындағы болып жатқан жағдайларды көруге мүмкіндік береді.

Құрылғы арнайы үлкейтіп көрсететін көзілдіріктермен бірге қолданылады. Бұл туралы ИТАР-ТАСС -қа сілтеме жасай отырып Бірінші арна Еуразия хабарлайды. Әзірлеушілердің ойынша, аталған технология әскери жағдайларда сарбаздардың тез ақпарат алуларына жәрдемдеседі.

Линзалар оны тағушыға бір мезгілде бірден екі нысанаға назар аударуға мүмкіндік береді, көзілдіріктің шынысына келіп түскен ақпарат алыстағы нысананы көруге кедергі келтірмейді. Мұндай нәтижеге екі түрлі фильтрдің көмегімен қол жеткізіледі, әрбір линзаның орталық бөлігі жарықты ақпарат экранынан қарашықтың ортасына бағыттайды, бұл кезде шеттегі бөлік жарықты қарашықтың шеңберіне жібереді.

Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан Innovega линзаларының функционалды түптұлғасын толықтай жасау туралы келісімшартқа АҚШ Қорғаныс министрлігінің Болашақ зерттеулер басқармасы осы аптада қол қойды. Қазіргі уақытта линзалар АҚШ-та әскери емес жағдайларда қолдану бойынша сынақтан өткізілуде.