Пентагон НЛО-ға қатысты жаңа құжаттарды жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — war.gov/UFO/ сайтында жарияланған материалдар қатарында ондаған бейнежазба мен суреттер, сондай-ақ куәгерлердің мәлімдемелері бар, Anadolu агенттігі.

Фото: Анадолы

АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) «анықталмаған ұшатын нысандарға» (UFO) және «анықталмаған әуе құбылыстарына» (UAP) қатысты бейнематериалдар, суреттер мен куәгерлердің мәлімдемелерін қамтитын жаңа құжаттарды жария етті.

Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, Пентагон бұл құжаттар топтамасын АҚШ президенті Дональд Трамптың тапсырмасымен UFO және UAP-қа қатысты материалдарды құпиясыздандыру және жариялау процесі басталғаннан кейін ұсынған.

war.gov/UFO/ сайтында қолжетімді материалдар арасында ондаған бейнежазба мен суреттер, сондай-ақ азаматтық тұлғалар мен әскери қызметкерлердің куәліктері, тергеу жазбалары және ресми есептер жарияланған.

Жарияланған бейнелердің бірінде 2019 жылы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) жауапкершілік аймағында әрекет еткен америкалық әскери платформаның инфрақызыл сенсоры арқылы түсірілген Парсы шығанағы үстіндегі үш нысан көрсетілген.

2022 жылға тиесілі тағы бір бейнежазбада Иран жағалауы маңында кемелердің жанынан ұшып өткен төрт анықталмаған нысан бейнеленген.

UFO және UAP жөніндегі құжаттардың алғашқы топтамасы Пентагон тарапынан 8 мамырда жарияланған болатын. Осыдан кейін Пентагон сайтына бір миллиардтан астам адам кірген.

Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп ведомстволарға «өзгеғаламшарлық және жерден тыс тіршілікке» қатысты құжаттарды жариялауды тапсырған еді.