Пентагон Сирия үшін Ресейге «көкесін көрсетеді»

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Америка сенаторлары Пентагонға Ресейден 900 млн долларға Ми-17 тікұшақтарын сатып алу туралы келісім-шартын қайта қарауға ұсыныс жасап отыр, деп хабарлайды РИА Новости.

Оларды бұл қадамға итермелеген Ресейдің Сирияға қару-жарақ жеткізуін тоқтатпай отырғандығы себеп болған көрінеді. 

«Біз АҚШ Қорғаныс министрлігі мен мемлекеттің бақылауындағы Ресейқорғанысэкспорты компаниясының арасындағы келісімге қатысты алаңдаушылық білдіреміз. Өйткені аталмыш компания өз халқына қарсы оқ атып отырған Башар Асадтың режимімен байланысын үзбей отыр», - делінген Пентагон басшылығына арналған сенаторлардың хатында.

Сенаторлардың деректері бойынша, Ресей Сириядағы қақтығыстар басталған соң аталмыш елге бір миллиард доллар көлемінде қару-жарақ жеткізген. Сондай-ақ, «салық төлеушілердің ақшасы ауғандық әскерилерге американдық өнімдерді емес, ресейлік тікұшақтарды сатып алуға жұмсалғаны былай тұрсын, үкіметтің көп жылдар бойы Иранға көмектескені үшін санкцияларға ұшыраған, ал енді Асадқа қару-жарақ жіберіп отырған ұйыммен шарт жасасуы біздің ашуымызға тиеді» - дейді олар.